Соңғы кездері іскерлік БАҚ-тың негізгі тақырыбы  Қазком мен Халық банктің бірігуі. Сарапшылар бірігеді, бірікпейді деп түрлі болжам жасап отырғанда соңғысының төрайымы Үміт Шаяхметова Forbes.kz-ке сұхбат беріп, мәселенің мән-жайына тоқталды. Назарларыңызға сұхбаттың өзекті тұстарын ұсынамыз. 

-Өткен жылы банк секторында қандай өзгерістер болды?

2016 жылдың басында нарық шектен тыс құбылып, тіпті, теңгенің өтімділігі жеткіліксіз болды, пайыздық мөлшерлемелер 80 пайызға дейін барды. Көктемге қарай  Ұлттық банк «базалық мөлшерлеме» түсінігін енгізгеннен кейін жағдай біршама жақсарды. Бірақ жыл соңында Қазинвестбанктің лицензиясынан айырылды, желтоқсанда төлемдер кешіктірілген соң Ұлттық банктің араласуына тура  келді.

Айта кету керек, Ұлттық банк өзінің жүйелі саясатын жүзеге асырып, оның нәтижелерін көрді: курс тұрақтанды, табыс ауытқымасының көрсеткіші пайда болды, Ұлттық банктің ноталары бағалы қағаздар нарығын қалыптастыра бастады. Ұлттық банк бізге, банкирлерге түсінікті болатындай нақты әрі айқын дүниелерді жасап жатыр. Өзі құрған ережелерді де сақтап отыр. Жұмыс осы қарқынмен жалғасатын болса, жақын арада  ішкі нарықты да ұзақ мерзімді қаржымен қамтамасыз ете аламыз.

— Қазақстандық банк нарығына қандай әрекет қажет?

Менің ойымша, барлығы реттеушінің қай жолды таңдайтынына байланысты. Пайдалануға болатын бірнеше тәсілдер бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, ағзадағы ісікті хирургиялық жолмен алып тастап, өз бетінше дамытуға немесе жұмсақтау тәсілді таңдауға болады. Меніңше, дұрысы — бірінші жол, бірақ бұл жол Ұлттық банктің батылдығын талап етеді. Қалай болғанда да жеңіл жол жоқ. Жылдар бойы шешілмеген мәселелер жиналып қалды, мысалы дұрыс капитал қалыптастыру, білікті менеджмент мәселесі.  Банк нарығы қазір өте қиын, баяғы өсімқордың деңгейінде емес.

— Халық банк пен Қазкомның бірігуі туралы қандай пікір айта аласыз?

Келіссөздер жүріп жатыр. Бұл ақпаратты біз де, Қазком да растады. Қазіргі таңда екі банктің активтерін қосқанда нарықтағы үлесі 38 пайыз екен (банк топтарының компанияларын қоспағанда). Нарықта қазір екі банктің үлесі 50-70 пайыз екен деген алып-қашпа әңгіме жүр. Бұл олай емес. Келісім процессі жүріп жатқанымен, әлі ешқандай құжатқа қол қойылған жоқ. Менің пікірім, Қазком мен БТА арасындағы бірігу дұрыс болған жоқ, өз кезегінде ол проблема туындатты. Қазком нашар активтерді Проблемалы кредиттер қорына аударудың немесе мүлдем шығарып тастаудың орнына оларды өз теңгеріміне жүктеп алды. Бұл шешім банк активінің сапасын да нашарлатып жіберді.

— Банктердің жұтылуы мүмкін бе?

Банктердің жұтылуы болмайды. Бұл заңды тұрғыда мүмкін емес. Қазақстанда екі қаржы институты жұтылмайды. Тек бірін-бірі сатып алады немесе бірігеді. Біз өзімізге төнетін қауіпті есепке аламыз, акционерлеріміздің мүддесін де естен шығармаймыз. Ең бастысы, Халық банктің қаржылық жағдайының нашарлап кетуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан қазір жүргізіліп жатқан келісімшарт Халық Банк Қазкомды толықтай сатып алады немесе бірігеді дегенді білдірмейді. Біздің көзқарасымыз бойынша кішірейген, яғни нашар активтерінен айыққан банк қана бізге қосыла алады. Тіпті келісім-шарт мемлекеттің көмегімен де жүзеге асуы мүмкін. Қазір қандай да бір нақты дүниелерге тоқтала алмаймын. Себебі келісімнің құрылымы қалай болатынын да білмеймін. Түрлі ұсыныстар талқыланып жатыр. Әрине, бұл процесте мемлекеттің пікірі басты рөл атқарады.

Жағдай айқындалса немесе егер біз белгілі-бір меморандумға қол қойсақ, біз KASE-де және Лондон биржасында бағаланатын компания ретінде бұл туралы бірден жариялауға міндеттіміз. Алғашқы ақпарат ақпан айында жариялануы мүмкін.

— Халық банк неге бұл процеске қатысып жатыр, бұл оған не үшін керек?

Біз – елдегі рейтингі ең жоғары, ең үлкен жүйе құрушы банкпіз. Бізде инфрақұрылым, яғни үлкен филиалдар желісі, кәсіби менеджмент, артық капитал бар. Бұл – Халық банкті осы мәселедегі ең басты стратег етіп көрсететін белгілі факторлар.

 — Қазақстан экономикасы мен қаржы нарығында не болып жатыр?

Банктер капитал жағынан қиындықтарға кездесіп отыр. 2017 жылы банктердің капиталдандыруына деген талап күшейе түсті. Менің ойымша, Ұлттық банк капиталдың ең төменгі мөлшерін одан әрі жоғарылата береді. Осы процестер банктерді үлкеюге мәжбүрлейді және бұл қалыпты жағдай.

Егер Қазақстанның экономикасы туралы айтар болсақ, былтыр ЖІӨ 240  миллиард доллардан 170 миллиард долларға азайды. Бүгінде банк, құрылыс, металлургия, мұнай және ауыл шаруашылық салалары қиын жағдайда. Тіпті, ұлттық компанияларда да проблемалар жетерлік. Дәл қазір аз болса да жұмыс істеп отырған – шағын және орта бизнес. Компаниялардың табысы мен инвестициясына қарап кредит беріп отырғандықтан бұл банкирлерге анық көрінеді. Ал қалғандарының барлығында бірдей проблема – шектен тыс қарыз мөлшері.  Осыған дейін көпшілігі тек «сату-сатып алу» стратегиясымен ғана шектелді. Соңғы 7 жылда мемлекеттік бағдарламалардан бөлек ешкім инновацияға мән берген жоқ, өндірісті жаңалаумен айналыспады, жаңа өндіріске ақша құймады.

— 2017 жылдан не күтуге болады?

Жыл сайын бізге тәуекелге бел бууға тура келеді. 2017 жылы Үкіметке қойылатын талап көп. Көптеген салалар бізде ақсап тұр. Экономикадағы мемлекеттік басқарудың деңгейі тым жоғары болуы барлық проблемаға себеп деп есептеймін. Мемлекеттік менеджмент тиімді әрі айқын бола бермейді. Ол бәсекелестік пен дамуға кері әсер етеді. Республиканың қаражаты банкирлерді ғана еркінсітіп жіберген жоқ. Астық өсірушілер мен ұлттық компаниялар мемлекеттік қаржыға тәуелді, ал банктер осы ұлттық компаниялардың депозиттерін ұстап отыр. Экономикадағы мемлекеттің рөлін бәсеңдетіп, жекелеген бизнеске қолдау көрсету  қажет. Жеке сектор күшейген кезде ғана экономика да күшейе түседі.