Банк активінің жартысы кредиттік қаражат

Банк
Фото: spmag.ru

Алматы. 26 желтоқсан. 7kun.kz – Банк секторының жиынтық активтері 2018 жылғы 1 желтоқсанда 24 876,8 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері көрсеткіш 3,0% ұлғайған. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Активтердің құрылымында ең көп үлесті кредиттер – 50,2%-ды, бағалы қағаздар портфелі – 19,1%-ды, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар – 15,1%-ды иеленді.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 062,7 млрд теңгені немесе несие портфелінің 7,9%-ын құрады.

Несие портфелі бойынша провизиялар 1 844,2 млрд теңге немесе несие портфелінің 13,7%-ы (2018 жылдың басында – 2 126,4 млрд теңге немесе 15,6%) мөлшерінде қалыптасты.

Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 21 896,3 млрд теңгені (жылдың басынан бастап ұлғаю 3,6%-ды) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 77,4%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 7,0%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 3,5%-ды иеленеді.

Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2018 жылдың басымен салыстырғанда   5,6%-дан 5,8%-ға дейін (1 200,8 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.

2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2018 жылғы қаңтар-қарашада 1,6%-ға азайып, 2 980,5 млрд теңге болды.

Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 605,1 млрд теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тиісінше 5,09% және 3,99% болды.