Бауыржан Бәйбек: Әлеуметтік желідегі арыздарға мұқият қарау керек

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек қызметкерлерге интернеттегі қала тұрғындарының жазған арыздарын мұқият қарау керектігі туралы тапсырма берді деп хабарлайды Today.kz. Бұл туралы қала басшысы «НұрОтан» париясы Алматы қалалық филиалының Саяси кеңесінің бюросында мәлімдеді.

«Алматылықтар интернет желісінде белсенді отырады. Біз әлеуметтік желілерге сүйенеміз. Бірақ бұл жерде бәріне әділдікпен қарауымыз керек. Кейбір азаматтар әлдебір нәрселерді жазады, олар дәлелденбей жатады. Түскен арыздар бойынша әділ әрі мұқият болған дұрыс», — деді Бауыржан Бәйбек.
Бұдан бөлек, қала әкімі қала мектептері мен аурухана жетекшілеріне халыққа кіріс пен шығын дұрыс есеп беру керектігі туралы міндеттеді. «Бәрі ашық әрі кері байланыс болу керек. «НұрОтан» партиясы осымен екінші жыл барлық есепті жариялап келеді. Сын айтылатын кездер болады. Бірақ партияға сенім артты, өйткені  бәрі ашық, нақты есеп пен аудит бар. Ай  сайын халықпен кездесіп, тұрғындардың сұрағына ашық жауап беру үшін интернетте жазатындардың бәрі келіп, арыздарын айту керек. Құр дабыра жасамаған дұрыс. Нәтижесінде сараптама жасап, сұрақтар негізінде жауап беріп, жазып, бәрін бақылау керек», — деді Б. Бәйбек. Халық алдында есеп беру барлық әкімдерге, қала басқармасының жетекшілеріне қатысты екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Алматы әкімі органдарды тексеруді қысқартуға ниетті екенін жеткізді. «Қазіргі уақыт оңай емес. Тексерістің санын азайтуға тырысамыз. Мұғалімдер мен дәрігерлер дұрыс жұмыс жасау үшін орта және шағын бизнесті қолдаған дұрыс. Ал тамақтандыру саласы — ол қауіпсіздікке қатысты сұрақ. Сондықтан нақты жолын табу керек. Біреуді жазаламау үшін өткен оқиғаларды қайталамай, мәселелерді анықтап, жүйелі түрде жою керек», — деді әкім.