Беймәлім инвестор мұнай дағдарысының арқасында $1 млрд тапты

Беймәлім инвестор мұнай дағдарысының арқасында $1 млрд тапты

PointState Capital хедж-қорының басқарушысы Зак Шрайбер өткен жылғы мұнай нарығының күрт құлдырауына қатысты дұрыс болжам білдіріп, $1 млрд табыс тапты деп хабарлайды Bloomberg.

Осыдан сегіз ай бұрын Нью-Йорктегі Avery Fisher Hall концерт залында сөйлеген сөзінде Зак Шрайбер  аса батыл болжам жасаған болатын.

«Мұнай арзандай түседі, қатты арзандайды деген ойдамыз. Егер сіздің жоспарыңыз ұзақмерзімді болса, біз тек аяушылық білдіре аламыз», — деген-ді ол инвестицияларды басқарумен айналысатын ірі компаниялардың өкілдерінен тұратын 3 мың адамның алдында.

Сөз арасында Шрайбер іші сайқымазақтарға лық толы автокөліктің суретін де көрсетіп кетті.

Сол тұста мұнай баррелі $99 тұратын, ал Қырымның Ресейге қосылуы және Украинадағы өзге оқиғалар қара алтынды тасымалдауда қиындықтар туғызады деп күтілген-ді. Бірнеше апта ішінде мұнай бағасы көтеріліп, маусымда $107-ға жетті. Алайда осыдан кейін, Шрайбердің айтқаны айдай келіп, нарық күрт құлдырап кетті.

Инвестор WTI мұнай бағасының не себепті түсетінін былай түсіндірді: мұнай тапшылығы пайда болады деген болжаммен АҚШ-тың орталық штаттары өндірісті күшейте түседі, бұл нарықта артық өнімді көбейтіп, бағаны түсіреді.

2014 жылдың аяғында мұнай бағасы 50%-ға түсіп кетті, ал Зак Шрайбердің хедж-қоры 27% таза табыс тапты. Жалпы алғанда ұйымның 2 млрд көлеміндегі табысының жартысы мұнайға қатысты сауда операцияларын сәтті жүргізгеннен түскен екен.

Осы уақытқа дейін Зак Шрайбер әріптестері арасында да, жалпы сала бойынша да беймәлім тұлға болып келген-ді.