Беларусь депутаттары өлім жазасы туралы заңды мақұлдады

фото: aa.com.tr

Беларуссияның төменгі палата депутаттары Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіп, терроризм жасағандарды өлім жазасына кесу туралы норманы мақұлдады, деп хабарлайды 7kun.kz.

Парламентте атап өткендей, заң жобасы «деструктивті элементтерге тежеуші ықпал ету, сондай-ақ, мемлекеттің террористік әрекетке қарсы шешуші күресін көрсету үшін дайындалған.

«Заң жобасында Беларусь Республикасының Қылмыстық кодексіне терроризм актілерін жасауға оқталғаны үшін өлім жазасы түріндегі ерекше жазалау шарасын қолдану мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізу ұсынылады», — делінген хабарламада.

Беларусь Парламентінің төменгі палатасының спикері Владимир Андрейченконың айтуынша, қазір елдегі жағдайды тұрақсыздандыру мен экстремистік әрекеттер жалғасуда.

«Бұл терроризмнің алдын алу және оған қарсы күрестің барлық нысандары мен көріністерінде қатаң және тиімді шараларды талап етеді. Террористердің әрекеттерін ақтауға ешқандай себеп жоқ», — деді депутат.

Қазіргі уақытта өлім жазасы туралы ереже Беларусь Қылмыстық кодексінің 59-бабында жазылған. Ату түріндегі ең жоғары шара «адамның өмірін қасақана айырумен ұштасатын кейбір аса ауыр қылмыстар үшін» қолданылады. Кешірім жасау тәртібімен өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкін.