Бензинге акциз бағасының өсуі бюджетті 50 миллиард теңгеге толықтырады

20
акциз

Алматы. 03 желтоқсан. 7kun.kz — Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет бензинге акциз ставкасын арттыру есебінен 2020 жылы республикалық бюджеттің кірісін 50 млрд теңгеге ұлғайтуды болжап отырғанын мәлімдеді.

«Басқа фактор — көрші елдердегі, атап айтқанда Ресей Федерациясындағы бензин бағасы. Бүгінде бізде АИ-92 литрі 163 теңге тұрады,ал РФ-да теңгелік мәнде 260 теңгеден астам. Тиісінше, мұнай өнімдерін жаппай экспорттау жүріп жатыр. Біз отынды автомобиль көлігімен шығаруды шектеу жөнінде шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Сондықтан бензин бағасының өсуі шамалы, бірақ осы екі факторға байланысты жасалуы керек еді»,-деп түсіндірді Әлихан Смайылов.

Ол акциздің жоғарылауы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындарды өтей алатынын атап өтті. 2020 жылға арналған республикалық бюджет жобасында осы мақсаттарға 6 трлн теңге, биыл 5,3 трлн теңге қарастырылған.

«Педагог мәртебесін көтеру туралы заң қабылданып жатыр, төрт жыл ішінде мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілерінің жалақысын төрт есе арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, біз бюджеттің кіріс бөлігін шағын және микро бизнес субъектілерін табыс салықтарынан үш жылға босату есебінен қысқарттық. Сондықтан, ресурстардың бірі — бұл акциз, бірақ ол негізгі көз емес. Негізгі көз — бұл кедендік салықтық әкімшілендіруді жетілдіру», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, республикалық бюджеттің кірісі өткен жылмен салыстырғанда 10 айда 911 млрд теңгеге өскен. 2019 жылы республикалық бюджетке түсетін түсімдер 1,2 трлн теңгеге өседі деп күтіліп отыр. Оның ішінде 840 млрд теңгесі кедендік салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен.