Билетсіз жолаушы тасымалдаған жүргізушілерге 1,4 млн теңге айыппұл салынды

айыппұл
Фото: voxpopuli.kz

Алматы. 15 тамыз. 7kun.kz — «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС бақылау-ревизиялық басқармасының қызметкерлері жүргізген рейдтік тексерулердің екінші аптасының қорытындысы бойынша, қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жолаушы тасымалына қатысты жіберілген 198 заң бұзушылық тіркелді. Оның 58-і – жолаушыларға билет бермей тасымалдау, 140-ы аялдамаға тоқтамай өтіп кету оқиғасы. Бұл туралы Холдинг баспасөз қызметі хабарлады.

Билетсіз жолаушы тасымалдаудың әрбір оқиғасы бойынша, автобус жүргізушілеріне №623 бапқа сәйкес 5 АЕК теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Рейдтік тексерулер жүріп жатқан 13 күн ішінде, жүргізушілерге тағылған айыптың жалпы сомасы 1 406 780 теңге болды. Ал 466 жолаушыға №622 бап бойынша (2 АЕК) 2 114 708 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Тамыздың 1-5 аралығы, яғни сараланған тариф енгізілген бірінші аптада, қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жолаушы тасымалы кезінде жіберілген 144 заң бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 66-сы — жолаушыларға тиісті билет бермей тасымалдау, 78-і автобустың аялдамаға тоқтамай өтіп кету оқиғасы. 186 жолаушыға 800 мыңнан астам айыппұл салынған.

Естеріңізге салсақ, рейдтік бақылаулар 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, көліктік бақылау инспекциясының, әкімшілік полиция басқармасы және «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС бақылау-ревизиялық басқармасының қатысуымен, Алматы қаласының 8 әкімшілік-аумақтық ауданында, автовокзалдарда, ірі аялдамаларда өткізіледі. Мұндағы мақсат – жолаушы тасымалы барысындағы заң бұзушылықтарды анықтау.