Біртүрлі пара: Атырауда ауыл әкімі ақша орнына тезек алған

381

Атырау облысында ауыл әкімі параны тезекпен алды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Сот барысында анықталғандай, азамат И. Ақсай ауылдық округінің әкімі Д.Досқалиевке  үй салу үшін жер телімін алуға рұқсат беретін құжаттарға қол қойғызуға барған.

Әкім азамат И-дің малдың органикалық тыңайтқыштарын сатумен және жеткізумен айналысатын кәсіпкер екендігін біліп, одан 300 қап тезек талап еткен. Кәсіпкер ауыл әкімінің талабын орындаған.

Алайда, әкімнен қосымша құжаттар алу қажеттігі туындаған. Бұған әкім тағы 50 қап тезек сұраған. Осылайша, көң түріндегі параның құны 206 750 теңгені құрады. Істі қарау барысында қала прокуроры мен сотталушының және оның қорғаушысы арасында кінәні мойындау туралы процессуалды келісім жасалды.

Атырау қаласының №2 сотының шешімімен Д.Досқалиев 6 202 500 теңге көлемінде айыппұл төлей отырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ оның заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленетін болады.