«Бизнес-кеңесші» жобасы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

«Бизнес-кеңесші» жобасы кәсіпкерлерге жеке істі ашып, оны жүргізуге қолдау көрсетеді. Бұл туралы Алматы облысы Кәсіакерлер палатасының баспаөз қызметі хабарлады.

Жыл басынан бері Алматы облысында 132 азамат курсты оқып шыққан. Жобаға тек кәсіп иелері ғана емес, сондай-ақ бизнес ашамын деп ниет білдірген кез келген адам қатыса алады. Ол үшін Палатаның жергілікті бөліміне жүгініп, арыз жазу жеткілікті. Одан кейін оқу топтары құрылып, курс уақыты анықталады. Жобаның бизнес-кеңесшілері тәжірибелі тренерлер Александр Кузнецов пен Қайрат Оңғаров.

«Бүгінгі таңда кәсіп ашып және оны дамытқысы келіп жүрген азаматтар саны артуда. Оқу курстарынан өткендер үшін алдағы уақытта гранттар мен жеңілдігі бар несиелер алуға мүмкіндік бар. Одан бөлек, тыңдаушыларға бизнесті ашу мен дамыту бойынша келелі кеңестер мен ұсыныстар айтамыз», — дейді А.Кузнецов.

Екі күндік курстар кезінде қатысушылар кәсіпкерлік және маркетингтік қызмет пен құқықтық мәселелер туралы, бизнес жоспар жазу, қызметкерлерді басқару, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды үйренеді.

Мысалы, өткен жылғы тыңдаушылардың бірі болған «Сұлтан» шаруа қожалығы азық шығару технологиясын ойлап тауып, құрылғы алуға мемлекеттік грантты ұтып алды.

«Жедел оқу курсы аяқталған соң, кәсіпкерлер «бұған дейін қалай жұмыс істегенміз» деп таң қалып жатады. Өйткені, біз көп тың ақпарат беріп отырамыз. Мысалы, көпшілік ЖК мен ЖШС құру кезінде қандай жауапкершілік бар екенін білмейді. ЖК тіркеген кезде бүкіл мүлікті қауіп-қатерге саламыз. Ал ЖШС-мен тек компания мүлігіннен айыра аласыз. Сондай-ақ, екі жақтың да салық көлемі бірдей болып шығады. Сондықтан тиімдірегін таңдаған дұрыс», — дейді бизнес үйретуші.

Бизнес курстар тәмамдалған соң, тыңдаушылардың барлығына оқу материалдары мен сертификаттар табысталады. Ал осы айда «Бизнес-кеңесшіге» 141 адам жазылды.