Блог-тур туралы 7 сұрақ пен жауап

4124
блог

Блог-тур деген не? Оны кім ұйымдастырады және ұйымдастыруда қандай қателіктер жібермеу керек, осы және басқа да сауалдарға блогшы Аршат Ораздың пікірін ұсынамыз.

1. Блог-тур деген не?
Блогерлерді қолдану арқылы жасалатын пиар-шара. Бір өнімді, жетістікті, оқиға, жаңалықты жарнамалау үшін ұйымдастырылатын сапар. Нәтижесінде әлеуметтік желілер және блогтар арқылы ауқымды жарнама жасалу жоспарланады.

2. Блог-тур бағдарламасына нелер кіреді?
Логистика бекітіліп блогерлерге және қарсы алушы жаққа алдын ала беріледі. Блогер өзінің қайда және не үшін бара жатқанын алдын ала біледі. Бағдарламаға жолға шығу уақыты және мекені, барылатын объектілер, тамақтану мезгілдері, қонақүй, бастапқы нүктеге оралы туралы мәліметтер кіреді.

3. Блогерлерге қанша қаламақы төленеді?
Қанша пост жазылатыны, қай блогта және әлеуметтік желілерде жарияланатыны алдын ала келісіледі. Бір блог-турға қазір берілетін қаламақы көлемі шамамен 50-70 мың теңге. Оқырман саны және блогердің беделіне қарай бұл сома бұдан да көп болуы мүмкін. Бұдан бөлек блогердің жол, қонақүй және тамақтану шығындарын да ұйымдастырушы жақ көтереді. Сондай-ақ блогерлерге қосымша жарнама ретінде естелік сыйлықтар да беріледі.

4. Блог-турды кім ұйымдастырады?
Шақырушы жақ өзі ұйымдастыра алады немесе арнайы бір ұйымға қаржы бөліп тапсыра алады. Блог-турға бөлінген қаражатқа қарай шақырылатын блогерлер саны, шығындары және қаламақы көлемі анықталады.

5. Блог-тур кімдер үшін тиімді?
Жетістігі бар мекемелер немесе мемлекеттік органдарға, жаңа өнім шығарып сол өнімді жарнамалағысы келетіндерге, ішкі «асханасын» көрсеткісі келетін кәсіпорындарға тиімді. Жалпы мақсат жарнама және жақсы имидж қалыптастыру болғандықтан бұған мұқтаж кез келген ұйым блог-тур ұйымдастыруға мүдделі.

6. Блог-турдың жарнамалық әсері қандай?
Блог-тур найзағайлы, өткінші жауын әсерін береді. Бір-екі күндік қысқа мерзімде бірнеше нүктеден ақпарат жауыны басталады. Ақпараттың таралу ауқымы кең болады. Бұл блог-тур барысындағы әсер. Блог-турдан кейін жауыннан кейінгі кемпірқосақтай блогтарда сапалы сараптамалық есептер жазылады. Яғни, қысқамерзімді флеш-жарнаманы мақсат еткендер үшін блог-тур қолайлы әдіс.

7. Блог-турға кімдер шақырылады?
Шақырушы жақтың саласында мақала жаза алатындарға басымдық беріледі. Ақпараттың негізгі бөлігі әлеуметтік желілер арқылы тарайтын болғандықтан оқырман аудиториясы кең қолданушылар таңдалады. Сондай-ақ фото, видео ақпарат жеткізе алу шеберлігі, жалпы ақпаратты қызықты етіп бере алу — басты талаптардың бірі.

Блог-тур ұйымдастырушылардың басты қателіктері:

1. Блогерлер құрамы
Әлеуметтік желіде ортақ аудиториялы, блог оқырмандары да бір блогерлерді шақыру ең үлкен қателік. Мұндай жағдайда оқырман қайталана беретін ақпараттан мезі болып, шақырушы жаққа негатив көзқараспен қарауы мүмкін. Сондықтан мейлінше түрлі ортадан шақырған дұрыс.

2. Бағдарлама уақыты
Блогердің қалаға келу уақыты және қандай транспорт түрімен келгені есепке алынғаны жөн. Автокөлікпен нашар жолда жүріп келген блогерді таңғы 9-да турға шақыру арқылы жақсы нәтиже ала алмайсыз. Уақыт үнемдеу үшін қысқа уақыт ішінде бірнеше объекті көрсетуге тырысады ұйымдастырушылар. Бірақ мұндай кезде блогер ақпараттың бәрін сіңіріп үлгермейді. Ұйқысы қанбаған және таңғы ас ішпей шыққан блогер көрсетілетін нәрсенің бәріне толық назар аудармауы мүмкін.

3. Детализация
Жұмыстың бүге-шігесін блогерге түсіндірудің қажеті жоқ. Жұмыстың механизмін түсіндіру жеткілікті және блогерге керегі визуал көрініс. Яғни, жалықтырып алмауға тырысу керек. Тек нақты жазылып, айтылуы керек нәрселерді көрсеткен дұрыс. Және кей фишкаларға блогердің өзін назар аудартуға тырысқан жөн. Кейін осы фишкалар арқылы жақсы жарнама жасалады. Ал қатты детализация арқылы блогер ештеңе түсінбей қалуы да мүмкін.

Деректер Аршат Ораздың жеке блогынан алынды.