Brent қайда барады?

513
Brent қайда барады?............................................................

Ақпан айында ағылшындық-голландиялық Shell корпорациясы әлемдік нарықтағы негізгі үлесті алатын өзіне тиесілі Брент мұнай орнындағы өндірісті тоқтататындығын мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, Brent маркалы мұнай өндіретін кен орнындағы қор көзі азайып бара жатыр. Осыған байланысты аталған брендтің құрамы өзгеруі мүмкін.

Шетланд аралдары мен Норвегияның ортасында, Солтүстік теңізде орналасқан Брент кен орны 1971 жылы ашылып, аймақтағы мұнай өндірісінің негізін қалады. Дәл осы жоба ұзақ уақыт бойы әлемдік мұнай нарыққа ықпал етіп келді.

Кен орнында теңіз түбінен есептегенде биіктігі 121 метр болатын 4 мұнара тұрғызылды (қазір оның біреуі жабылуға дайындалып жатыр). 40 жыл ішінде бұл жерден құны 30  миллиард фунт стерлинг болатын мұнай шығарылды, оның үштен екі бөлігі салық түрінде Британия қазынасына жіберілді. Ал осы платформаны демонтаждау операциясы ондаған жылдарға созылады және бірнеше миллиард фунт шығын келтіруі мүмкін.

Қазіргі халықаралық сауда биржасындағы мұнайдың жалпы көлемінің үштен екі бөлігі Brent-тің үлесінде. Осыдан 20 жыл бұрын қара алтын нарығындағы негізгі рөл америкалық сұрыпқа, оның ішінде WTI маркасына тиесілі болса, бүгінгі саудада Brent маркасы басты рөл атқарады. Бұған мұнайды тұтыну көлемі бойынша Еуропа мен Шығыс Азияның Американың алдына шығып кетуі себепші болды.

Әрине, кен орнының жабылуы Brent маркасының толығымен жоғалып кетуін білдірмейді. Мұнай түрі табылған жеріне байланысты атау алғанымен, сұрыптың өзі түрлі көздердің араласуынан пайда болады.

Бірақ, Солтүстік теңіздегі барлық кен орындары ақырындап азайып келеді. Ең жеңіл және қол жетімді ресурс өндіріліп болды, ал жаңа жобаларды қолға алып, бастап кету үшін қыруар қаржы керек. Қара алтын бағасының құлдырауын ескерсек, мұның барлығы тек шығынмен аяқталмақ.

Сауда маркасының құрамын анықтайтын Platts агенттігі дәл қазір осы мәселеге бас қатыруда. Жағдайдан шығудың негізгі жолы – ең көп таралған, танымал деген өзге мұнай сұрыптарын тауып, солардың көмегімен жаңа Brent қоспасын жасау. Мәселен, өткен айда агенттік өкілдері Brent құрамына ресейлік Urals және батысафрикалық, оның ішінде нигериялық мұнай сұрыптарын қосуды қарастырып жатқандықтарын мәлімдеген еді.

Нигерия мұнайы әлемдік нарыққа әлі де кідіріспен, кедергілермен жеткізілуде. Ал ресейлік Urals және Siberian Light сұрыптары құрамы жағынан ерекшеленеді, сондықтан олар үшін бөлек құбырлар салу қосымша жүк болып тұр. Ал Ресейге салынған батыстық санкцияларды ескерсек, ресейлік мұнайдың Brent-тің жаңартылған түріне барып қосылуы екіталай көрінеді.

Platts-тың ойлануға әлі де болса уақыты бар. Brent-тің жаңа құрамына көшу 2017 жылы орындалуы керек деп жоспарлануда. Осыған дейін мұнай қоспасын өзгерту мәселесі 2018-2020 жылдарға дейін созылады деп күтілген болатын, алайда солтүстіктегі кен орындарының азаюына байланысты тезірек шешім қабылдау қажет болып тұр.

Дереккөз: Lenta.ru

Дайындаған Ақсәуле Әбітай «7»