ҰБТ-ға өзгеріс енгізіледі

электронды
Фото: 24.kz

Алматы. 16 тамыз. 7kun.kz – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардың тамыз конференциясында жақында Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды біртіндеп электронды жүйеге көшіруді жоспарлап отырғанын айтты.

«Біз Ұлттық бірыңғай тестілеу процедурасын трансформациялауды жоспарлап отырмыз. Осы ретте оқушылардың жүйені алдау жолдарын іздеу фактілерінің орын алып отырғандығын атап өткім келеді. Телефон алып кіріп, өзінің білімі мен дағдысымен емес, басқа да қосымша құрылғылардың көмегімен көбірек балл алуды ойлайды», — деді ол.

Оның айтуынша, ҰБТ ашық болуы керек, сондықтан оның нәтижелері бойынша гранттарды бөлу әділетті болады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайынғы педагогикалық қызметкерлердің тамыз конференциясы өтіп жатыр. Іс-шараға бүкіл Қазақстаннан 2 мыңнан астам мұғалім қатысуда. Биыл жыл сайынғы тамыз конференциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Конференцияда Білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыланды, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды.

Сонымен қатар, отандық білім беруді дамытуға сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар педагогтар «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Президентінің алғыс хаттарымен және «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.