Былтыр қазақстандықтарға 2,9 трлн теңге зейнетақы төленді

Астана. 23 қаңтар. 7kun.kz – 2022 жылы қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 2,9 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақыға 883,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға – 2 022,6 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 247,4 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 75,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 172 млрд теңге бөлінді.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 295 мың адам.

2023 жылдың 1 қаңтарында жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 108 761 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 74 950 теңге, базалық зейнетақы – 33 811 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Ынтымақты зейнетақылардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен 2% артып көтерілуге кепілдік беріледі, бұл 2014 жылы қабылданған зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес келеді.

Сондай-ақ ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылды.

Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артты.