БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы 11,5%-ды құрады

құрады
Фото: kursiv.kz

Алматы. 24 сәуір. 7kun.kz – 2018 жылғы сәуірден бастап 2019 жылғы наурызға дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының кірістілігі 11,5%-ды құрады, — деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Дәл осы кезеңде инфляция деңгейі 4,8%-ды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 6,7% болды.   

2019 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 112 миллиард теңгеден асты. 

2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық табыстың құрылымы мынадай: бағалы қағаздар, орналастырылған салымдар және кері РЕПО операциялары бойынша сыйақы түріндегі табыстар 152,22 млрд теңге, бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан орын алған шығындар 16,2 млрд теңге, шетелдік валютаны қайта бағалаудан орын алған шығындар 28,94 млрд теңге, сыртқы басқарудан түскен табыстар 3,16 млрд теңге, басқа да шығындар 2,37 млрд теңге болды.

2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі борыштық қаржы құралдарының өтелуі бойынша орташа табыстылық жылына 7,0%-ды құрады. Оның ішінде теңгеге номинирленгендері бойынша орташа табыстылық — жылдық 8,4%, ал шетелдік валютада — жылдық 3,9% болды.

Қордың зейнетақы активтері портфелінің негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздарына (40,66%) тиесілі. Бұл табысы ең тұрақты қаржы құралдарының бірі. Есепті күнге қарай теңгеге  номинирленген ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының өтелуі бойынша орташа табыстылық жылдық 7,2%, ал АҚШ долларында — жылдық 4,4% болды.

2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ҚР квазимемлекеттік ұйымдары облигацияларының портфельдегі үлесі 13,52%-ды құрады. Осы есептік күнге қарай аталмыш ұйымдардың облигацияларының өтелуі бойынша орташа табыстылық теңгеге номинирленген облигациялар бойынша жылына 10,3%, ал АҚШ доллары бойынша жылына 5,0% болды.  

Есепті кезеңде шетелдік мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарының ағымдағы құны 1 506,00 миллиард теңгеге жетіп, олардың портфельдегі үлесі 15,62%-ды құрады. Сонымен қатар қарастырылып отырған кезеңде жалпы сомасы 158,97 миллиард теңгеге шет елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары өтелді. Есепті күнге қарай БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліндегі шет елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарының өтелуіне қатысты орташа табыстылық жылына 3,6% болды.

Қордың зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарының инвестициялық портфелі былайша келтірілген: ұлттық валютада жасалған инвестиция көлемі — 67,61%, АҚШ долларында — 31,97%, басқа валюталарда — 0,42% болды.

Қордың сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері портфелінің құрылымдық үлестірілімі БЖЗҚ Инвестициялық декларациясына толығымен сәйкес келеді.