Цифрлы Қазақстанға $400 млн бөлінеді

44
Фото: Ақтөбе газеті

Алматы. 8 қазан. 7kun.kz — 2022 жылға дейін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға шамамен $400 млн бағыттау жоспарланған. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев елшілерге сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Словакия, Испания, Қытай, Израиль және Еуроодақ елшілерін дипломатиялық миссиялардың ресми басталуымен құттықтады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын табысты іске асыру үшін 2022 жылға дейін шамамен $400 млн. бөлуді жоспарлап отырмыз. Қоғамдық сананы жаңғырту үшін біз «Рухани жаңғыру»бағдарламасын жүзеге асырамыз. Саяси, экономикалық және рухани жаңғыру бізге жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол елшілер жұмысы Қазақстан дамуының маңызды кезеңімен сәйкес келгенін айтты.

«Біздің стратегиялық бағытымыз-Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі. Осыған байланысты біз бағдарламаларды қабылдап, кешенді реформаларды жүзеге асырамыз. 2017 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4% — ға жетіп, әлемдік орташа көрсеткіштен асып түсті. Тәуелсіздік жылдары шетелден тікелей инвестициялар құны $300 млрд. жетті. Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша, Doing business-тің рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінен 36-орынға ие болды», — деді Қазақстан президенті.