Даниал Ахметов өзге әкімдерге қарағанда неге көп жалақы алатынын түсіндірді

ШҚО. 14 шілде. 7kun.kz – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ай сайынғы жалақысы 2 млн теңгеден асатынын айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Оның айтуынша, барлық өңірлік әкімнің базалық жалақылары бірдей. Ал қосымша ақы еңбек өтіліміне қарай қосылады.

«Менің еңбек өтілім 48 жылды құрайды. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 33 жыл болды. Мен өз өмірбаянымды айтпай-ақ қояйын, дегенмен басқа әріптестеріммен салыстырғанда, әжептәуір үлкен өндірістік базамен келдім. Сол себепті менің жалақым екі миллион теңгеден асады», – деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдың қарашасынан бері басқарып келеді.

Ол 2019 жылғы 17 маусымда осы лауазымға қайта тағайындалды. Ал 2022 жылғы 11 маусымда президент Даниал Ахметовтің қызметтік өкілеттігін бір жылға ұзартқан болатын.