Банкке сұрақЖаңалықтар

Депозит ашқан тиімді ме? Банк банкрот болса, ақшамды кім қайтарады?

Қомақты қаржыны банкте сақтаған қауіпсіз бе? Депозит ашқанда нені ескеру керек? Депозитке салған қаржыны кез-келген уақытта алуға бола ма?

7kun.kz-ке депозитке қатысты көптеген сұрақтар келіп жатады. Бүгін оқырмандардың осы сауалдарына жауап іздеп көрдік.

Депозиттен қалай пайда түседі? Депозит ашқан тиімді ме?

Депозит – пайыздық мөлшерде табыс табу үшін банкке уақытша берілетін қаражат. Сіздің депозиттен көретін пайдаңыздың мөлшері депозиттің пайызымен аңықталады. Мысалы, сіз ақша салған банк депозитінің жылдық мөлшері 10% болса, онда депозитке салынған әрбір 1000 теңгеден жылына 100 теңге пайда түсіп отырады.

Депозит пайда табыс
Фото: Kabar.kg

Депозит – банктердің негізгі пайда құралы. Банктер халықтан белгілі бір пайызбен депозит арқылы ақша жинайды да, кейін өзгелерге жоғарырақ пайызбен бұл қаржыны таратады. Яғни, сіздің салған қаржыңыз өзгелерге несие түрінде беріліп, ақша айналымда болады.

Депозитті қалай ашамын?

Депозитті ашу үшін жеке куәлігіңізбен банк бөлімшесіне бару қажет. Депозит ашу мақсатында банкке барсаңыз, олармен жасалатын келісім-шартты мұқият оқыңыз. Сондай-ақ, келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда қанша айыппұл төлейсіз, ақшаны шешіп алғанда комиссиясы қанша болады бәрін анықтап алу керек.

Ақшамды депозитте сақтаған қауіпсіз бе?

Депозит қауіпсіздік
Фото: crimea-news.net

Депозит ашқысы келетін адамдардың басты қорқынышы да осы. Алайда кез келген тұлғаның банктегі салымына мемлекет толық кепілдік береді. Сондықтан, банк банкрот болып қалса, ақшамнан айырылып қаламын деп қорқудың қажеті жоқ.

Депозит не үшін керек?

Қазақстан тұрғындары көп жағдайда ақшаны үй немесе көлік алу үшін, балаларын шетелде оқыту үшін, саяхаттау үшін жинайды. Осы жинап жүрген ақшаны өз шотыңызда немесе үйде сақтағанға қарағанда банкте сақтаған тиімді. Оның үстіне банктер қосатын пайыздардан өз ақшаңыздың үстіне пайда табасыз. Яғни, депозит – ақшаны сақтауға арналған ыңғайлы қор.

Қаржыгерлердің айтуынша, адамның қаржылық болашағы оның қанша ақша табатынына емес, табысынан қанша ақша қалдыратынына байланысты. Сондықтан, қаржыгерлер ай сайынғы табысыңыздың 10%-ын болса да, депозитке салып отыруға кеңес береді.

Кейбір елдерде бала туыла салысымен оның атына депозит ашып, ақша жинауды бастап кетеді. Осының арқасында бала кәмелет жасқа толғанша есеп шотында қомақты қаражат болады. Бұл қаржыны баланың біліміне, үй алуына немесе басқа да қажеттіліктеріне жұмсайды.

Депозиттегі ақшамды кез-келген уақытта ала алам ба?

Сақтау мерзіміне қарай депозит екіге бөлінеді: ұзақ және қысқа мерзімді.

  • Ұзақ мерзімді депозитте депозиттік салым мерзімі аяқталғанша, ақшаны шешіп алуға болмайды.
  • Қысқа мерзімді депозитте қалаған уақытта ақшаңызды шешіп ала аласыз. Бірақ есебіңізде белгілі бір сомада ақша қалуы керек. Ол әр банкте әр түрлі сомада болуы мүмкін. Еліміздегі банктердің шарты бойынша көптеген банктерде мұндай минималды сома 1000 теңге.
Депозит ақша пайыз
Фото: Hubs.ua

Егер жақын уақытта қаражат керек болмайды деп ойласаңыз, бірінші нұсқа тиімді болмақ.

Депозит мерзімі сіз қаражат салған банк талаптарына сәйкес болады. Салымды орналастыру мерзімі клиенттің қандай депозит түрін таңдағанына байланысты. Депозитті ашудың ең аз мерзімі 1 айдан басталады. Максималды мерзім – 5 жыл. Барлық банктерде депо­зиттердің шартты мерзімінен бұрын тоқ­татылуы, ақшаны толық қай­тарып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Депозит ашқанда неге мән беру керек?

Алдымен депозит ашатын банктің талаптары мен шарттарын толық оқып алыңыз. Өзіңіз таңдаған банктің “Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына” кіріп-кірмейтінін анықтап алу керек..

“Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры” дегеніміз – банкті мәжбүрлеп таратқан жағдайда депозиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 1999 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.

Бүгінге дейін қор жалпы сомасы 15 миллиард теңге көлемінде мәжбүрлеп таратылған “Көмір банк” ЖАҚ, “Наурыз банк Қазақстан” АҚ және “Валют-Транзит Банк” АҚ 70 мыңдай салымшыларына кепілдік берілген өтемді төледі.

Қор валютасына, пайыздық мөлшерлемесіне қарамастан елдегі әрбір жеке тұлға мен жеке кәсіпкердің барлық депозиттеріне мемлекет толық кепілдік береді. Тіпті азаматтардың кез келген қазақстандық банктен ашылған ағымдағы шоттары мен бұрынғы шоттарындағы ақшасына да мемлекет кепілдік береді. Бұл туралы “Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңында” жазылған.

Қай банкті таңдаған дұрыс?

Банктер Қазақстан
Фото: russianskz.info

2017 жылдың қаңтар айында Қазақстандық кепілдік қоры жеке тұлғалар салымына тиімді сыйақы мөлшерін 14% етіп бекітті. Содан бастап банктер теңгемен сақталатын депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін төмендете бастады.

Қазір депозит пайызы төмендемеген банк – Halyk bank. Бұл банкте депозитті салудың ең төменгі мөлшері 15 000 теңге. Депозитті толықтыру мүмкіндігі шектелмеген. Ерекшелігі – 1 айға 10%-дық сыйақымен депозит аша аласыз. Ал 3 айға – 11%, 6 айға – 12%, 9 айға – 13%-дық мөлшерде сыйақы беріледі. 2 жылға дейін депозит ашқыңыз келсе сыйақы мөлшері 14%-ды құрайды.

Ал Кaspi bankте сыйақының жоғарғы жылдық тиімді мөлшерлемесі – 12%. Депозит салу мерзімі – 1 айдан 24 айға дейін. Қазақстан бойынша кез келген бөлімшесінен ақшаны алуға және салуға болады.

Forte bankте депозитті тек 12 айдан 36 ай аралығында сала аласыз. Жылдық сыйақы мөлшері – 13%. Салымның ең аз сомасы – 15 000 теңге және толықтыруы шектеусіз.

Цеснабанкте депозит ашудың ең төменгі сомасы – 10 000 теңге. 1 айдан 60 айға дейін ашуға болады. Жылдық сыйақы 1 айға –6,5%, 3 айға – 8%, 6 айға – 10%, 18 айға – 12% болса, 36-60 айға сыйақы мөлшері – 10%.

Депозитті қандай валютада ашқан дұрыс?

Фото: КТК

Егер депозитке ақшаңызды теңгемен емес, доллар, еуро сияқты шетелдік валюталарда салатын болсаңыз, ай сайынғы пайыздық өсімі аз болады. Теңгемен депозит ашу арқылы  жап-жақсы табыс табуға болады. Себебі, теңгемен салатындар үшін банктер жоғары пайыз ұсынады.

Депозит ашқан банк банкрот болса ше?

Банкрот
Фото: banki-bankroty.ru

Сіз ақша салған банк банкрот болатын болса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сізге депозитке салған ақшаңызды өсімінсіз қайтарып береді. Алайда, ол 10 млн теңгеден асып кетпеуі керек. Егер депозитке бірден 10 млн теңге салғыңыз келсе, оны бірнеше банкке бөліп салғаныңыз дұрыс.

Ал банктің мәжбүрлі түрде таратылу жөніндегі сот шешімі өз күшіне енгеннен кейінгі 14 күннің ішінде Қор республикалық БАҚ-дар арқылы төлем жасайтын агент банкті атап, төлемдердің басталатыны туралы хабарландыру береді. Содан кейін салымшылар бірден сол банкке хабарласып, 10 миллион теңгеге дейінгі кепілді түрде өтелетін ақшасын ала алады.

Tags

Осы айдарда

Close