Девальвация туралы ойламаудың 7 әдісі

809
девальвация

Дағдарыс әлі жалғасып жатыр. Теңге әлі де құлдырауын жалғастырып жатыр. Алдағы жылы ғажайыптың болмайтындығына да сендік, қазіргі жағдайға бой үйренді. Бірақ девальвация мен доллар курсы туралы әңгіме амандық сұрасудан да көбірек айтылады. Әбден мезі болғандар үшін 7kun.kz девальвация туралы тақырыптан қашып құтылудың 7 түрлі әдісін ұсынады. 

Айырбастау пункттеріне көз салмаңыз

Жұмысқа бара жатқанда, қайтқанда айырбастау пункттері электронды таблоларының жанынан көзді жұмып өту қажет. Осыған дейін  Ұлттық банкі валюта айырбастау құзыретін тек банктерге ғана  қалдырып, өзгелеріне тыйым салуы мүмкін деп хабарланған еді. Кейінірек жеке валюта айырбастау пункттері жабылмайды деп мәлімдеді. Сіз соңғы жаңалықты естімеген болыңыз. Айырбастау пункттеріндегі кестелердің орнынан кешегі футбол матчының есебін немесе әлеуметтік желідегі құпия сөздеріңізді бір еске түсіріп шығаруға болады. Тек доллардың курсына қарауды қоя тұру қажет.

Сомалиге көшіп кетіңіз

4

Доллардың қымбаттауынан сіздің қалтаңыз құнсызданып бара жатса, сомалийліктерде еш уайым жоқ. Сомали шилингі 20 жыл бойы долларға да, еуроға да, фунт стерлинг пен рубльге қарағанда тұрақты валюта деп есептеліп келеді. Осыған дейін ел билігі Орталық банк құрып, мемлекет ақшасын жаңартпақ болған әрекеттері аяқсыз қалды. Сомалиліктер шенеуніктердің әрекетіне назар салмастан, әбден ескірген көне ақшаларын пайдалана беруде.

Сомалилік шилинг әлемдік нарықта еш құнға ие емес, сондықтан артық уайым да болмайды. Банк мекемесі де, артық комиссия, кезекті девальвация да мазаламайды. Нан алу үшін бес алты қорап қағаз ұстап жүруің керек. Ашық аспан астында ақшаларыңды айырбастап, сөмке-сөмке ақшаны қарызға беріп жүре бересіз.

Байланысты азайтыңыз

Жақын достармен, туыстармен, таныстарымен. Ақшасы барлармен тіпті де. «Долларда сақтайсың ба» деп сұрай көрмеңіз.  Соңғы мәлімет бойынша, қазіргі кезде банктердегі жеке депозиттердің 77,5%-ы доллармен сақталады екен. Қыркүйек айында долларлық салымдар үлесі  75,8% болған.

Дегенмен «DEMOSCOPE» жүргізген зерттеу бойынша, қазақстандықтардың 57%-ы депозитті ұлттық валютада мүмкіндік болғанда ашар едік деген. Ал олардың 21%-ы депозит ашу үшін АҚШ долларын таңдайды екен. Статистикаларға қарап, таныстарыңызға сараптама жасап, алдағы уақытта кіммен байланысты тоқтата тұру керектігі туралы талдау жүргізгеніңіз жөн. Таңын ауа-райын емес курс қараудан бастайтын таныстармен де әзірге араласпай қоя тұрыңыз.

Жаңалықтарға жоқ деңіз

Бәріне емес, экономикалық. Дегенмен елдегі барлық салаға экономиканың әсер ететіндігін ескерсек, жалпы жаңалықтарды әзірге қоя тұрыңыз.

Интернет пен әлеуметтік желіге де 

Жаңалықтар көрмесем болды деген қадамыңыздан түк шықпауы да әбден мүмкін. Доллар мен девальвация туралы долбарларын айтып қалуды міндет деп білетіндердің қарасы көп.

Осы жылы Google компаниясы Қазақстанда ең көп ізделетін кілт сөздерді тұңғыш рет жария етті. 2015 жылы қазақстандықтар интернеттен «доллардың теңгеге қатысты бағамы» туралы ақпаратты жиі қараған екен. Әлеуметтік желідегі өзекті тақырыптардың бірі осы болған рас.

Сондықтан девальвация жөніндегі әңгімелерден алыстаймын десеңіз интернетті біржола өшіру қажет. Тым болмаса, тырысып көріңіз.

Бағаға бас қатырмаңыз

Доллар бағамы қымбаттағалы бері, баға да артынан қалмай келеді. Қаңтардың басынан бері доллар курсы 21 теңгеге қымбаттады. Осы жылы нан мен жанармай бағасының еркін айналымға кететінін ескерсек, қажеттілігіңізден бұрын қалтаңызға қарай сауда жасайтынымыз анық. «Баға неге қымбаттады?»деген сұрақтың арты девальвация туралы тақырыпқа ұласуы әбден мүмкін.

Сондықтан, мейлінше бағаға бас қатырудың қажеті жоқ. Тіпті чекті де керек қылмаңыз. Қажетіңізді алып жүре беріңіз. Шетелдік валюта өскен соң, отандық жалақы да жерден қалмайтын шығар деген үміт болсын.

Үйден шықпай, жаңа кітап бастаңыз. 

b16f1de772c2870f8bdeef385a7a6706
Мына тәттілерге қарап тұрып, теңге жайы туралы ойланып кете беруге болады

Бұл енді барынша тәуекелді қажет етеді. Бірақ ойланып көруге болады.

Қазақстанның қазіргі экономикасымен басы ауырмайтын, девальвация туралы мүлде естімеген адамды тауып, кездесуге бара жатсаңыз, көшеден «доллар» мен «девальвацияға» қатысты көп нәрсені кезігіп қалу ықтималдылығы бар. Сондықтан үйде отырып, барлық коммуникация құралдарын үзіп, жаңа кітап бастаған дұрыс. Немесе соңғы отандық фильмді қарап шығыңыз. Олар құлдырау кезіндегі көмекті көбірек қажет етеді.

Фото:forbes.kz

Ақсәуле Әбітай «7»