Дональд Трамп қазақстандықтарды құттықтады

64
Дональд
Фото: topwar.ru

Алматы. 13 желтоқсан. 7kun.kz — Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсті.

Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп өз елінің атынан және жеке өз атынан Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтады.

«Біздің күшті серіктестіктің арқасында соңғы 12 айда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенімді қуанышпен атап өткім келеді. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі мәселелерді шешуден бастап терроризмге қарсы күреске дейінгі біздің ынтымақтастығымыз әлемді неғұрлым қауіпсіз және тұрақты етеді», — делінген жеделхатта.

Дональд Трамп мемлекет басшысының Тәуелсіздік күнін бірінші рет президент ретінде атап өтетінін тілге тиек етті және оған жаңа жылда сәттілік тіледі.

«Америка Құрама Штаттары Қазақстан үшін жарқын және табысты болашақты құру жолында сіздермен және қазақстандықтармен жемісті жұмыс жасауға дайын», — деді АҚШ Президентінті өз құттықтауында.

Өз жеделхатында Үндістан президенті Рам Нат Ковинд екі елдің бұрыннан келе жатқан тарихи байланыстарын еске алып, Қазақстанға гүлденуді тіледі.

«Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ғасырлар тереңінен келе жатқан тарихи және мәдени байланыстарға негізделген. Біздің елдеріміз арасындағы көпжақты және екіжақты қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Мен біздің ынтымақтастығымыз нығая беретініне сенімдімін», — делінген хатта.

Испания королі Фелипе Испания халқы мен Үкіметінің атынан Қазақстан президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, достас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.

Сонымен қатар, Сингапур Республикасының президенті Халима Якоб Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Сингапур мен Қазақстанды өте жылы және достық қарым-қатынас байланыстырады. Мен екі ел арасындағы тауар айналымы өсіп, құқықтық және қаржы салаларындағы ынтымақтастық кеңейіп келе жатқанына қуаныштымын. Мен сіздермен біздің елдеріміздің игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуді және қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуды асыға күтемін», — деп жазды Халима Якоб.

Сондай-ақ, Австрия президенті Александр Ван дер Беллен Тәуелсіздік күнімен құттықтап, амандық тіледі.

«Экономикалық ынтымақтастықты қоса алғанда, көптеген салаларда жемісті дамып келе жатқан елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды табысты жалғастыра алатынымызға сенімдімін», — делінген жеделхатта.

Австралия Одағының генерал-губернаторы Дэвид Херли өзінің құттықтауында мемлекеттер арасындағы достық екіжақты қатынастардың одан әрі дамуына сенім білдірді.