КеңесшіТаңдаулы1

Джек Ма: «Мен ешқашан берілмедім»

Миллиардер, «Alibaba group» негізін қалаушы Джек Ма Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Ең танымал қытай кәсіпкері компаниясын қалай құрғанын, қателіктер мен басқалардың қорқыныштарына қарап қалай пайда табуға болатынын және бизнес әлемі туралы студенттерге айтып берді. Біз оның әңгімесінен үзінді жариялаймыз.

Менің ойымша, әрбір адамның өмірінде болған оқиға қызықты болуы мүмкін. Біз көптеген қателіктер жібереміз, көптеген мәселелердің шешімін табамыз. Біз даңқ пен жетістікке жетпейінше, бізді көп адам тыңдамайды. Біз оларға жеткен сәттен бастап – бәрі  бірден біздің өмірімізге, қателіктерімізге қызығушылық таныта бастайды және ұмтылыспен: «О, сен қандай тамаша адамсың!», – деп айтады.

Өзімді кереметпін деп санамаймын. Мен қарапайым қытай отбасында дүниеге келдім. Мен жақсы оқымадым. Жоқ, мен тырыстым, бірақ ол әрдайым іске аспады. Мүмкін, менің мектебім ең жақсы болмаған шығар. Осы себептен бітіргеннен кейін ұзақ уақыт жұмыс таба алмадым, емтиханнан үш рет құладым және университетке түсе алмадым. Бірақ мен ешқашан берілмедім.

Әркім қателік жасаса да, жеңіске жете алатыны туралы ойға бой ұсынуы керек. Сонымен қатар, басқа адамдардың көмегіне сүйенуге болмайтынын естен шығармау керек. Неліктен біз кейде, бізге біреу көмектесу керек деп ойлаймыз? Ол үшін лайықты болу керек.

Мен бірнеше маңызды нәрсені білдім. Біріншіден, сіз берілмеуіңіз керек. Екіншіден, сіздің мүмкіндігіңіз жай ғана келмегені туралы ойлануыңыз қажет. Жас кезімде Билл Гейтс туралы білдім, Биллдің жасаған ісін мен де жасай алатынымды ойладым. Мен ренжідім, себебі менің сәттілігімді алып кетіп, сол кездегі дербес компьютерлік бағдарлама саласындағы барлық мүмкіндіктерді қолданды деп ойладым. Сонда мен: «Мүмкін, өзімді тым жоғары көтеріп жібердім, алдымен менің қасымдағы адамдар үшін кішкене нәрсе жасауға тырысармын», — деп ойладым.

Біз жасаған барлық нәрселерді он жыл бұрын бағалау керек. Егер біз табысқа жетуді қаласақ, онда 10 жылдан кейін қандай болуға болатынын ойлауымыз керек. Егер біз табысқа жетуді қаласақ, ақылды адамдармен жұмыс істеуіміз керек. Егер біз табысқа жетуді қаласақ, қателіктерден бас тартпауымыз керек. Көптеген адамдар қателескеннен кейін бас тартады. Alibaba ешқашан бас тартпайды. Біз қателіктерімізден үйренеміз.

Табысқа жете алмаған адамнан неге қол жеткізе алмағанын сұраңыз. Егер ол біреуді айыптаса, оның жетістікке жетуге мүмкіндігі жоқ. Бұндай адамды бақытсыз десе болады. Бақытқа ие болам дегендер басқаша айтады. Олар қателіктерін мойындайды және берілмейді. Мен осындай адамдардың қателіктерінен үйрендім, олар ешкімді кінәлі етпейді және қателіктерінен сабақ алады. Мен өз қателіктерімнен көп нәрсе үйрендім. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Ойлағаным іске аспаған кезде, мен «Ал, бұл іске аспады»,- деймін. Егер бірдеңеге қол жеткізсем, онда керісінше: «Вау, мен мұны істей алатынымды күткен емеспін». Бұл, менің ойымша, мені үлкен оптимист етеді.

Тіпті қазір де Alibaba-мен көптеген қателіктер жібереміз. Біз күн сайын дерлік ақылға қонымсыз шешімдер қабылдаймыз. Ешкім де осы процестен күдіктенбейді. Біздің ойымызша, біз ақылдымыз және бір нәрсені ақылмен жасаймыз, дегенмен ақыр соңында бәрі дұрыс емес болып шығады. Бірақ біз жеңімізді түріп, одан әрі үйрене отырып жұмыс істейміз.

Alibaba пайда болған кезде бізде ақша да, адамдар да болған жоқ, технология да жоқ еді. Барлығы менің пәтерімде басталды. Онда 18 адам жиналды және біз шағын бизнеске интернеттің көмегімен көмектесеміз деп шештік. Сол сәттен осындай идея пайда болды. 18 жыл өтті, біз үлкен жетістіктерге жеттік. Сол кезде біз 18 жаста болғанбыз, қазір біз 60 мыңға жуық адамбыз. Бұл оңай емес, бірақ біз аман қалдық және бүгінгі күні біз әлемдегі ең ірі интернет-компаниялардың біріміз.

Менің ойымша, біз өте бақыттымыз. Кейде адамдар менен сұрайды: «Сіз мұндай сәттілікке қалай жеттіңіз?». Мен бұл сұраққа былай жауап берем: «Егер сәттілік сізден алыстамасын десеңіз, сіз басқалармен сәттілікпен бөлісуге тиіссіз». Басқа адамдарға көмектесу үшін бөлісіңіз және болашақта бұл адамдар сізге көмектеседі. Бастапқыда Alibaba ақша тапқан жоқ. Бізде пайда болмады, бізге ешкім төлем берген жоқ. Ал бастапқы клиенттер бізге ақша түрiнде табыс әкелмеді, сондай-ақ біздің клиенттер тарапынан хаттар ғана келді. Олардан осындай хаттар келді: «Сіздер бізге көмектесіп жатырсыздар, алайда менде сіздердің қызметтеріңіз үшін төлеуге ақшам жоқ». Оларға біз былай жауап беретін едік: «Ештеңе етпейді, бәрі жақсы», — деп. Біз сәл күтсек біздің клиенттер өседі, олар бізге төлем жағынан көмектесе алады деп сендік.

Alibaba Қытайда құрылған, бірақ ол қытайлық компания болмауы керек. Тіпті атауы қытай тілінде емес, араб тілінен шыққан. Есіңізде шығар «Мың бір түн» жинағынан «Мың бір қателік» деп атаса болады. Мен солай таңдадым. Қытайда құрылған біздің компаниямыз бүкіл әлем бойынша шағын компанияларға және жастарға көмектесу үшін құрылғанын қаладық.

Әр ғасырда бір негізгі компания бар. Өткен ғасырда, менің ойымша, мұндай компания Microsoft болды. Бірақ кім XXI ғасырдың компаниясына айналады? Әзірше біз Alibaba екеніне сенбейміз. Біз ақша тауып және әлемдегі адамдарға көмектесу керекпіз деп ойлаймыз. Осындай жолмен ғана бізде ХХІ ғасырдағы болатын оқиғаны өзгертуге мүмкіндігіміз бар. Өткенмен салыстырғанда біз өте үлкен компаниямыз. Егер біз өзімізді болашақта не бола алатынымызды ойласақ, біз әлі де өте кішкентай компаниямыз. Alibaba ғасырлық компания болғанын қалаймыз. Alibaba бүкіл әлемде шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратынына сенімді болғымыз келеді. Біз жастарға жеңіл болғаның қалаймыз. Әйелдер үшін онлайн режимде жұмыс орындарын көбейтуді қалаймыз. Біз мұны істегіміз келеді және Қытайда, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Үндістанда, АҚШ-та, Канадада әлі де көп нәрсе істейміз.

Біз бәрін бірте-бірте жасауымыз керек, кішкене қадамдармен алға жылжимыз. 2001-2002 жылдары осындай проблемаға тап болдым. Біз содан кейін венчурлық инвестицияларды тартуға тырыстық, менен сұрады: «Қытайда жетістікке қалай қол жеткізуге болады? Ол жақта интернет те, логистикалық жүйе де, сатып алу үшін ақы алмайтын банк карталары да, дарынды қызметкерлер де жоқ. Мұндай жағдайда сіз қалай табысқа жете аласыз?». Біз жетістікке қол жеткізбегенімізге дейін бұл сұрақтарды бізге жыл сайын дерлік қойып келді. Бұл мәселеге көңілді бетбұрыс көрсету арқылы және кез келген бизнестің кішігірім ауқымдардан басталатынын еске түсіре отырып, жақындауға тиіспіз.

Біз Alibaba-ны ашқанда, мен қытай пошта компаниясына келіп: «Сіздер бізге тауарларды жеткізу жүйесін құруға көмектесе аласыз ба?», — деп сұрадым. Маған былай жауап берді: «Жоқ, сендер шағын бизнессіңдер, біз сіздермен жұмыс істемейміз». Сонымен қатар Қытайдағы логистикалық жүйе нашар болды. Қытай поштасы ресейлік логистикалық жүйе сияқты жылдамдықпен жұмыс істеді. Содан кейін біз кәсіпкерлерге барып сұрадық: «Кімнің қалалар мен ауылдарға жеткізу ісімен айналысқысы келеді?». Біз қызығушылық танытқан адамдарға көмектестік. Бүгін біз күн сайын Қытайға 65 миллион сәлемдеме жеткізуге көмектесеміз. Бұнымен қаншама адам айналысады? 3 миллион адам. Олар біздің қызметкерлер емес, оларды жалдамаймыз, бірақ біз оларға көмектесеміз.

Болашаққа алаңдамаңыз және технологиядан қорықпаңыз. Менің ойымша, болашақта барлық адамдарға, әсіресе жастарға мүмкіндік беріледі. Жоғалтқанға қолқа жоқ, дұрыс қой? 18 жыл бұрын бізде ақша да, технология да жоқ кезде мен осылай айтқам. Біз 10-20 жылдан кейін электронды коммерцияның экономиканың аса маңызды саласына айналатынына сендік, егер біз мұны қазір бастасақ, бізде мүмкіндік болатынына сендік. Көптеген интеллектуалды және тәжірибелі адамдар мен компаниялар сол кезде электронды коммерцияға сенімсіздік танытты, бірақ біз табысқа жететінімізге сендік.

Және тағы бір басты кеңес. Әлемнің тағдыры туралы алаңдамаңыз. Президенттер мен премьер-министрлерді алаңдататын нәрсені, сіз ойламаңыз. Сізді не алға қозғайтыны туралы ғана ойлаңыз. ЖОО-ны бітіргеннен кейін өміріңізді қалай жасайтыныңыз туралы ойланыңыз, қызықтыра алатын нәрсе ойлап таба аласыз ба және ол басқа адамдарға көмектеседі ме — осы мәселелер жөнінде алаңдаңыз.

Технология бізді жұмыссыз, тіршілік құралынсыз қалдырады деп ойлаудың қажеті жоқ. Шын мәнінде, технология көптеген темірден тұрады. Алғашқы технологиялық революция орын алып, бу қозғалтқыштары қолданыла бастаған кезде, кейбір адамдар жұмыссыз қалады деп ойлады. Бу қозғалтқышы көптеген жаңа жұмыс орындарын құруға әкеп соқтырды. Электр қуатын ойлап тапқан кезде көптеген компанияларды жұмыс орындарын жоғалту мәселесі алаңдатты. Бірақ электр энергиясы жаңадан пайда болғаннан бастап көптеген жұмыс орындарын құруға әкелді. Иә, алдағы 20-30 жылда біз де жұмыспен қамту мәселесі болады, бірақ кейін жағдай өзгереді. Біз 20-30 жылдан кейін жасанды интеллект дамитын болса, не істеу керек екенін түсінуіміз керек.

Болашаққа дайын болғыңыз келсе, кеше істеген істеріңізді қайталамаңыз. Жадты үйретудің қажеті жоқ, сіз компьютерден де көп мәліметті есте сақтай алмайсыз. Компьютерлер тезірек жасайтындықтан, жылдамырақ оқуға тырыспаңыз. Сіз креативті болуға тырысып, ойлап тапқыш, құрастырғыш болуыңыз керек. Және сіз үйреніп жүрген барлық нәрселер, сізді сондай етуі тиіс.

Мен әрдайым өзіме осындай кеңес беремін. Қарапайым ештеңе жоқ, жайдан жай ештеңе де болмайды. Егер табысқа жетуді қаласаңыз, онда сіз оған ақы төлеуіңіз керек. Иә, біз Alibaba-да сәттілікке қол жеткізген шығармыз, бірақ іс жүзінде біз көпшілікке қарағанда көп жұмыс істедік. Басқалар 70 жыл бойы істеген жұмысты, біз 18 жылда істеп тастадық. Біз күндіз-түні тыным таппай жұмыс істедік.

Біз алғаш рет бизнесті бастағанда, кейбір адамдар өздерінің идеяларымен келіп: «Қараңдар, бұл керемет идея!», — деді. Егер бәрі мұны айтса, бәрі идеяның жақсы екенін ойласа, мен оны қоқысқа тастағанмын. Маған келіп идеяны жүзеге асыру өте қиын екенін айтқан кезде ғана менде қызығушылық туатын. Мен өзімнен: «Қалайша мұны ерекше қылып жасауға болады?», — деп сұрайтынмын. Сіз өзіңіздің ерекше жолыңызды таңдауыңыз керек.

Өзіме күн сайын беретін тағы бір кеңесім. «Бүгін бәрі күрделі, ертең бұдан да қиын болады, бүрсігүні бәрі жақсы болады, бірақ көбіміз ертең түнде өлеміз». Сондықтан тыным таппай жұмыс істеуіміз керек. Күн сайын қиындықтар туындауы мүмкін, бірақ сіз кез келген қиын жағдайға төзімді бола бастайсыз, қиындық сізді жаттықтырады. Сіз өзіңізге сенімді болуыңыз керек, сонда ғана болашақта кез келген мәселені шеше аласыз.

Нарықта бәсекелестік өсіп келе жатқанда, өзіңіздің қабілетіңізге сенімді болу керек пе? Білесіз бе, нарықта оңай ештеңе жоқ. Бизнеспен айналысу әрқашан қиын. Сенімділікке қалай қол жеткізуге болады? Өзіңіз сеніп жүрген нәрселерге сенетін адамдармен, сондай-ақ сіз армандаған нәрселерді армандайтын адамдармен араласқан жөн. Осындай адамдармен кез келген қиын жағдайда бірлесіп жұмыс істей аласыз. Сіз компанияда жұмыс істесеңіз, адамдардың екі тобын ғана тыңдауыңыз қажет. Өзіңіздің клиенттеріңізді тыңдаңыз. Олар бәрімен қанағаттануы керек. Сіздің әріптестеріңіздің айтқанын тыңдаңыз. Егер олар өздерінің қабілеттеріне сенімді болса, сіз ештеңеге уайымдамаңыз.

Клиенттеріңізді, әріптестеріңізді жұмысыңыз қанағаттандырса және олар бәрін жақсы деп айтса, консультанттарға, кеңесшілерге, адвокаттарға құлақ аспаңыз. Егер сіз басқа біреуді тыңдауды бастасаңыз, онда табысқа жету мүмкіндігіңіз жоғалады. Болашақты түсінетін сарапшылар жоқ. Барлық мамандар кешегі жағдаймен ғана таныс. Нарықта не болып жатқандығына қарамастан, алдымен тұтынушыларыңыз бен әріптестеріңізді тыңдаңыз. Әрине, сіздің бәсекелестеріңіз өзіңізге деген сеніміңізді бұзуға тырысады. Егер олар сіздің сеніміңізді жоғалту үшін көп күш салса, онда сіз дұрыс жолдасыз.

Ағылшын тілі өте маңызды. Егер сіз ағылшын тілін білмесеңіз, ғаламдық бизнеспен айналыса алмайсыз. Ол маған көп көмектесті. Бірақ іс жүзінде бәрі тілге келмейді. Барлығы мәдениетке түседі. Шет тілін меңгере бастаған кезде біз осы тілде сөйлеушілердің мәдениетін, оның күрделілігі мен әмбебаптығын түсінеміз. Біз оны құрметтей бастаймыз. Біз оны құрметтеген кезде, бізді де құрметтей бастайды. Сонда біз сол адамдармен бірге жұмыс істей аламыз. Басқа мәдениетті құрметтегенде, оның әмбебаптығын түсінген кезде, достар мен серіктестерді табу оңайырақ болады. Оларсыз бизнесті жүргізу мүмкін емес.

Егер сіз 20-30 жаста болсаңыз, жақсы басшы табыңыз (компания емес, басшы). Одан үйреніңіз. 30-дан 40-қа дейін, өзіңіз бір нәрсе жасауға тырысыңыз. 40-50 жаста болғаныңызда, жақсы істей алатын жұмысты істеу керексіз, өйткені сіз 20 жыл бойы бірдеңе жасадыңыз және бірдеңе үйрендіңіз. Сіз 50-60 жаста болған кезде, жастарға көмектесуге уақытты жұмсау керексіз. 60 жастан асқан кезде, немерелеріңізбен уақыт өткізіңіз.

Университетте оқитын жас адамдар жиі оқуды тастау туралы ойлайды, мысалы, Билл Гейтс. Бірақ Билл Гейтс — әлемдегі жалғыз тұлға. Мұны жасамаңыз. Университетті аяқтаңыз және жұмыс істейтін компанияны табыңыз. Мен қайталап айтамын, сізге жақсы нәрсені үйрете алатын жақсы басқарушыны табыңыз.

Егер сіз дұрыс бағытта жүрсеңіз, ақша өзі сізді табады. Ол дәл осылай жұмыс істейді. «Егер менде ақша болғанда, мен мұны істейтін едім»,– деп  айтқандарға үнемі былай жауап беремін: «Сіз ешқашан ақша таба алмайсыз. Егер сіз шынымен де бір нәрсе істеуді қаласаңыз, оны ақысыз орындаңыз. Егер сіз нәтижеге жетсеңіз, онда ақша сізге келеді».

Дереккөз: Hipo.kz

Tags

Осы айдарда

Close