Экономикалық қылмыстар есебінен мемлекетке 7,5 млрд теңге қайтарылды

Экономикалық қылмыс
Фото: tengrinews.kz

Алматы. 20 қазан. 7kun.kz — 2017 жылы  экономикалық қылмыстар есебінен мемлекетке 7,5 млрд теңге қайтарылды деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.

Ұлттық бюроның департамент басшының орынбасары Серікбаев Талғардың айтуы бойынша жыл басынан үш мыңнан аса жемқорлық фактісі анықталған. Оның ішінде 89 жүйелі жемқорлық фактілері, 300-ге жуық тұлғадан тұратын қылмыстық топ.

«Жыл басынан, орындалған жұмыс актілеріне қол қою және тендерлерде ұтуды қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерден пара алудың 269 фактісінің жолы кесілді»,- дейді Серікбаев Талғар.

Сонымен қатар ол органның ең басты басымдықтарының бірі мемлекетке келтірілген залалды өтеу, тәркіленген мүліктің мемлекет кірісіне аударылуын бақылауды қамтамасыз ету екендігін айтады. Бұдан бөлек, Ұлттық бюро Мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларының тарапынан бизнес ісіне заңсыз араласу фактілерінің жолын кесуге ерекеше көңіл бөледі.

«Жалпы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі атқарып келе жатқан жұмыс кезеңінен бері 22 млрд теңгені өтелуіне қол жеткізілді. Ол, 14 мектеп немесе 73 бала-бақшаның, болмаса 13 аурухананың құрылысына жұмсалған қаражатпен тең» — дейді ол.