Елорданың проблемалы нысандарына 20 млрд теңге бөлінеді

18
Нұр-Сұлтанда
Фото: ukrsmeta.ua

Алматы. 17 шілде. 7kun.kz — Нұр-Сұлтандағы проблемалы нысандардың басым бөлігі 2023 жылға қарай аяқталады, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Министрліктің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаковтың айтуынша, қазіргі таңда елордада 51 проблемалы нысан бар, олардың 12-де пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«39 нысан – бұл аса күрделілері. 2017 жылы үкімет оларды аяқтауға 40 млрд теңге бөлді, бұл ақша екі траншпен жүрді. 2018 жылы алғашқы 20 млрд теңге, 2019 жылы тағы 20 млрд теңге қаражатты қайтару негізінде төрт жылға бөлінді. Проблемалық нысандарды салу үшін әкімдік жанынан «Елорда құрылыс» құрылыс компаниясы құрылды. Бұл үйлер 2023 жылға дейін салынады деп нақты айта аламын», – деді ол.

Качаков қазақстандықтарды үлестік құрылысқа қатысу туралы шешім қабылдаған кезде сақ болуға шақырды, өйткені бүгінгі күні көптеген нысандар тиісті құжаттарсыз, заңсыз салынып жатыр.

«Біз Бас прокуратураға осындай 14 нысан бойынша сигналдар жібердік. Қосымша келісім – шарт жасауға шақыратын барлық адамдарды біз қадағалаймыз, анықтаймыз, құқық қорғау органдарынан олар туралы ақпаратты сұраймыз», — деп атап өтті комитет төрағасы.

Оның айтуынша, үлестік құрылыс «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңмен реттеледі. Заңнамаға сәйкес, компания үлескерлердің ақшасын ғимараттың қаңқасы салынғаннан кейін ғана тарта алады. Бұдан басқа, құрылыс салушы соңғы бес жылда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында кемінде 60 мың шаршы метр және елдің басқа өңірлерінде кемінде 30 мың шаршы метр салуға және пайдалануға беруге міндетті.