Елжан Біртанов Атырауда көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыс ету рәсіміне қатысты

көпбалалы
Фото: canadanewsmedia.ca

Алматы. 13 наурыз. 7kun.kz – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Атырау облысының Исатай ауданында аз қамтылған отбасыларына жаңа үйдің кілттерін табыс ету рәсіміне қатысты, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Аманбаев Тұщықұдық ауылының тұрғынынан үй сатып алып, оны көпбалалы отбасына сыйлады.

Жанұяның анасы Ақмарал Қадырова жақында ғана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған. Отбасының алты баласы бар, қазір жетіншісін күтуде. Ұзақ уақыт бойы отағасы  жұмысқа орналаса алмаған.

«Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін,  бірақ ыңғайлы сәт болмады, бір отбасына болса да көмектескеніме қуаныштымын», — дейді Алмас Аманбаев.

«Елбасы өткен съезде мемлекет бір адам емес, барлық қазақстандықтар деген болатын. Сондықтан біз осындай шараларды қолдаймыз,  өздерін ғана емес, жалпы қоғамды да ойлайтын адамдары бар ел бай болары сөзсіз», — деді Елжан Біртанов кәсіпкерге алғыс айта отырып.

Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиевтің  айтуынша, өңірде кәсіпкерлердің бастамасымен көптеген  қайырымдылық шаралар атқарылған. 

«Ауданымызда кәсіпкердің қолдауымен баспанаға ие болып отырған алғашқы жанұя. Мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін. Себебі, жылдан-жылға кәсіпкерлердің саны артып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетемін деушілердің қатары көбейіп келеді»,  — деді Марат Мурзиев. 

Жалпы ауданда күнкөріс есебінен төмен табыс табатын 140 отбасы бар. Қазіргі кезге дейін оларға кәсіпкерлердің қолдауымен азды-көпті көмектер көрсетілген.