Енді Қазақстанда жемқор қызметкері үшін басшы жазаланады

жемқор
Фото: mediasat.info

Алматы. 28 қараша. 7kun.kz — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Құжатта сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған және олардың кінәсі сотта дәлелденген мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін қарастыратын норма қарастырылған. Тәртіптік жауапкершілік — атқаратын қызметінен босатуға дейін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы сөгіс шығаруды көздейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде ведомствоның бірінші басшысының қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлығы үшін жауапкершілігін заң жүзінде реттеу қажеттігін атап өтті.

«Күн тәртібінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес мәселесі түспейді. Сарапшылар мен жұртшылықтың қатысуымен орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы қалпына келтіру қажет. Сыбайлас жемқорлық қылмысы болған ведомствоның бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан реттеу керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.