Ерлан Теміржанов: Жұмыстың ең күрделісін жасағанды ұнатамын

775
Ерлан Теміржановтың шеберханасынан фоторепортаж

Білімі: 2000-2004 «Сымбат» сән академиясы. Жоғары білім. Мамандығы: Тігін бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы

Хобби:Саятшылық, балық аулау
Өмірлік ұстанымы:Әлемді жарқын ету — әркімнің өз қолында

Жақында белгілі бизнесмендер Кеңес Рақышев пен Вячаслав Ким жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Өз бизнесіңді қалыптастыр» («Построй свой бизнес») байқауын өткізген еді. Байқаудың биылғы жеңімпаздарының қатарында алматылық жас қолөнерші Ерлан Теміржанов та бар.   Ол байқауда 50 мың АҚШ долларын ұтып алды. Кәсіпкерлік салада жұмысын жаңа бастап жатқан Ерлан енді шеберханасы мен өнімдерін кеңейтпек.   7kun.kz-ке берген сұхбатында жас шебер кәсіпкерлік жолы және келешектегі жоба-жоспарлары турасында әңгімелейді.

— Ерлан, шеберханаңызбен таныстырсаңыз.  Әлде компания дей берсек бола ма? 

— Бізді компания деп айту қиын. Әзірше, біз шеберханамыз. Бірақ байқауды жеңгеннен соң компания болуға жақындай түскендейміз. Біздің шеберханамыз арнайы қондырғылармен, станоктармен жабдықталған. Негізінен былғары аяқ-киімдерді, түрлі аксессуарларды дайындаумен айналысамыз.

— Шеберханаңыз қай кезден пайда болды, неден бастау алды?

— 2000-жылдары «Сымбат» академиясын тәмамдадым, тігін бұйымдарының технологы болып шықтым. Алғашқыда ерлерге арналған пиджактарды, пальтоларды, шалбарларды тігетінмін. Бұл ең күрделі бағыттардың бірі. Мен жалпы алғанда ең қиынын жасауға ұмтыламын, соны ұнатамын. Және жұмысымды кәсіби деңгейде жасадым деп айта аламын. Мысалға, бірде шалбар тіккенімде, материал әкелгеннен дайын бұйымға дейін екі-ақ сағат жұмсаған едім.

Сол кездері, білмеймін неге екенін, бұл кәсіпті үлкен пайда әкелетін кәсіп деп санамадым да басқа салаға ауып кеттім. Бірер жыл тігін шаруасымен айналыспадым. Бірақ тігін құрылғылары үйде болатын, әрқашан маңынан өткенде олар өздеріне тартып тұратын. Содан соң былғарыны зерттеп бастадым. Менің он шақты тігін машинам терімен жұмыс істеуге арналмаған-тын, мен оларды терімен жұмыс істеуге бейімделген үш жабдыққа айырбастап алдым. Сосын түрлі портмоне, сөмкелерді, белбеулерді тігіп үйрене бастадым.

Бірде апам Тайландқа демалысқа барып, сол жақтан өзіне жеңіл аяқ-киім (сандалии) сатып әкелген. Мен соның көшірмесін жасадым. Сәтті шықты. Осылай түрлі тапсырыстарды жасап, аздап-аздап ақша жинап, туғандарым көмектесіп, шеберхана аштым.

— Сөйтіп кәсіпкерлікке бет бұрдыңыз 

— Негізі, бизнес ашу идеясы менде әрқашан болатын. Мен әр түрлі жерлерде қызмет істедім. Академияда оқып жүріп, әрі сол кезде «Сымбаттың» жаппай өндірісінде еңбек еттім. Содан соң бір перде салонында дизайнер болдым. Менің түр-сипатым дизайнерге қатты ұқсамайды. Салонға алғаш барғанда мені күзетші ретінде жұмысқа тұруға келді деп ойлаған сондағылар. (күледі)

Онда бір-екі жылдай қызмет етіп, содан соң ауылға кеттім. Сонда қаладан арнайы тапсырыстармен адамдар келетін. Дене бітімі стандартты емес жандарға киім тігетінмін. Ол деген оңай шаруа емес. Мысалға, бірде  фигурасы 100-70-110 әйел келіп, жәкетке тапсырыс берді. Қиыннан қиыстыруға тура келді. Адамдар разы болып қайтатын.

Қысқасын айтқанда, мен әрқашан ізденісте жүретінмін. Іздене-іздене осы былғары киім тігу ісіне келдім.

— Бизнестегі алғашқы қадамдарыңызды жасағанда кім демеу көрсетті?

— Отбасым, әсіресе туған апам көп қаржылай көмек көрсетті. Маған түрлі бұйым жасау идеялары келетін. Екеуміз бірге отырып, сол идеяларды талқылайтынбыз, тәуекелдерді ескеріп, есептеулер жүргізетінбіз. Мен сол ойларды жүзеге асыруға кірісетінмін. Бір-екі рет сәтсіздікке ұшырағанмын. Сонда апам мені сөкпеді, теріс айналмады, керісінше демеп, «бәрі жақсы, әр қателігің — сенің жеңісің» деп жігерлендірді.

— Алғашқы клиенттеріңіз кім болды және қазіргі клиенттеріңіздің негізгі тобы кімдер?

— Алғашқы клиенттерім өзімнің туыстарым, достарым, таныстарым болды. Жылдан-жылға клиенттер аясы кеңейе түсті. Қазір біздің өнімдеріміз туралы әлеуметтік желілер арқылы біліп жатқандар көп. Фейсбук, инстаграм, ВКонтактеде парақшаларымыз бар. Әсіресе Инстаграм арқылы тапсырыс көп түседі.

— Құпия болмаса, өнімдеріңізді қандай бағамен сатасыз?

— Әр тауардың бағасы әр түрлі. Мысалы, жазғы аяқ-киімнің бағасы 18 мың мен 20 мың теңгенің арасы. Мен, кейде, бұл баға тым жоғары ма деп ойлаймын. Өйткені кейбіреулер қолында сандалииді ұстап тұрып, ұнатып-ақ тұрады, бірақ қымбат деп алмай қояды.

Байқауды жеңгеннен соң, енді шикізатты тікелей өндірушілерден алмақпыз. Осылайша, бағаны төмендетпекпіз. Аяқ-киімдер 12-15 мың тұрады деп топшылап отырмын. Делдалдар мендей шеберлерге теріні өзіндік құнын 150-200% еселеп сатады. Сондықтан өніміміздің бағалары осындай болып отыр, әзірше.

— Шеберханаңыздың аты «Kassengaly handmade». Атау қалай таңдалғандығы жайлы айта кетсеңіз.

— Қасенғали — менің әкемнің есімі. Әкем елге сыйлы адам. Біздерге, яғни балаларына жақсы тәрбие мен білім берген әкеміздің құрметіне шеберханамыздың атын осылай қойдық. Дәстүр бойынша, әкеміздің есімі немерелерінің тегі болатыны белгілі ғой. Яғни менің балаларымның да, ағаларымның балаларының да тегі — Қасенғали. Алла қаласа, осы шеберхана соларға мирас болып қалады. Мықты бренд қалыптастыру да ойымызда бар.

— Жақында «Өз бизнесіңді қалыптастыр» байқауында грант ұтып алдыңыз. Қаражатты кәсібіңіздің дамуына жұмсап жатсыз ба?

— Әзірше 1 долларын да жұмсаған жоқпыз. Қазір шетелден жабдық, шикізат әкелу жолдарын қарастырып жатырмыз. Қытайдан жабдық, Түркия мен Ресейден шикізат әкелмекпіз.

Сонымен қатар өндірісімізді кеңейтуге қатысты жоспарымыз бар. Бұрындары тек жеке тапсырыстармен жұмыс жасап, өнімді бір-бірлеп шығарсақ, енді көптеп шығармақпыз.

— Шеберханаңызда қанша адам жұмыс істейді?

— Бұған дейін шеберханада мен және шәкірттерім ғана жұмыс істейтін. Енді байқауды ұтқаннан соң штатты арттырып, шәкірттерімді жұмысқа аламын. Мен дені сау адамдарды ғана емес, денсаулығы нашар адамдарды да, зейнеткерлерді де жұмысқа тартқым келеді. Сол себепті алдағы уақытта екі мүгедек жанды шеберханаға шақырмақпыз. Мысалы, бір адам бар, аяқтары жоқ, протезбен жүреді. Бірақ, өз ісінің хас шебері. Сондай адамдардың фабрикалардағы айлықтары 30-40 мың теңге. Мен олардың жалақысын 2-2,5 есе арттыруға дайынмын.

— Шеберханаңыздың ендігі даму бағыты қандай болмақ?

— Біріншіден, біз өнімдеріміздің қарапайым адамдарға да қол жетімді болуы үшін жұмыс істейміз. Бұған дейін тауарларымыздың бағасы жоғары еді, енді халықтың тегіс бәрі ала алатындай мүмкіндік жасамақпыз.

Екіншіден, біз балалар аяқ-киімін жасап бастаймыз. Еліміздегі жасөспірім балалардың ыңғайлы әрі сапалы аяқ-киім киюі біз үшін өте маңызды.

Үшіншіден, кеңсеге арналған былғары тауарларды дайындамақпыз. Қазіргі кезде мұндай тауарлар сұранысқа ие. Және де бұл бағытта қызмет көрсетіп жатқандардың қарасы аз.

— Кәсіпкерлік жолды бастаймын деушілерге берер кеңесіңіз?

— Өз кәсібіңізді сүйіңіздер. Егер бір істі сүйіп істесеңіздер, нәтиже болады. Жалпы, қазір сондай бір терең кеңестер айта алмаймын. Білесіңдер ме қашан бере алам? Келесі байқауды жеңіп алайын, содан кейін мықты кеңестер үлестіре бастаймын!

— Ісіңізге сәттілік тілейміз! Берген кеңесіңіз бен сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас Өтебай «7»