Есеп комитеті: «Халықтық IPO» бағдарламасы дұрыс жүргізілмеген

414

 

Астана. 3 ақпан. 7kun.kz — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «Халықтық IPO» бағдарламасын жеткілікті деңгейде орындамаған. Есеп комитеті осылай деп мәлімдеді.

Компания акцияларын қор нарығына орналастыру мен 2011-2015 жылдары аралығында қамтыған бағдарламаны түсіндіру жұмыстарына 2,2 млрд теңге бөлінген. «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында орындалу керек шаралар мен жоспарлы көрсеткіштер өз деңгейінде орындалмаған», — деді есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім.

Оның айтуынша,  IPO-ға шығарылуы тиіс болған алты компанияның тек екеуі ғана саудаға шыққан. Сондай-ақ, қазақстандық қор биржасында акциялар нарығын капиталдандыруды жыл сайын өсіру бойынша жоспар орындалмаған. Оған тартылатын қазақстандықтардың саны бойынша да қатысуы тиіс 160 мың адамның «Халықтық IPO»-ға тек 75-і қатысқан.

Айта кетейік, 2011 жылы бекітілген «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша алғаш боп 2012 жылдың соңында акциялары сатылған «ҚазТрансОйл» АҚ еді. Кейін 2014 жылы қазақстандық қор биржасына KEGOC-тың акциялары да шығарылған. Сатылған акциялардың жалпы құны 13 млрд теңгені құраған еді.