FlyArystan Қарағандыда жаңа бекет ашуы мүмкін

10
FlyArystan

Қарағанды. 15 тамыз. 7kun.kz — Бірінші отандық FlyArystan лоукостері 2020 жылдың екінші тоқсанында Қарағанды қаласында жаңа бекет ашуды көздеп отыр. Бұл туралы әуетасымалдаушы Қарағандыда жергілікті БАҚ өкілдеріне арнайы өткізген жиында жария етті. 

Қарағанды – жаңа база ашылатын бірінші аймақтық қала. Аймақтық өкілеттілік өз жұмысын бір Airbus A320 ұшағынан бастап, кейін флотқа тағы бір әуекемені қосуды жоспарлап отыр. 

«FlyArystan лоукостері пайда болған 3 айдың ішінде, өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда Сары-Арқа әуежайының жолаушылар саны 49% күрт өскенін байқауға болады. 2020 жылдың II тоқсанынан бастап Қарағандыдан қатынайтын бағдарлар кестесі кеңейе түспек. Осылайша, жергілікті әуепаркі екі Airbus A320 ұшағымен толыққан кезде, ішкі және халықаралық бағыттар саны 10-12 дейін көбейіп, жолаушыларға 1 миллионға дейін орын ұсынылады. Рейстер мен бағдарлар кестесінің ауқымдылығы қолжетімді бағамен әлдеқайда көбірек қатынауға мүмкіндік береді. Бұл бүкіл өңірге позитивті өзгерістерді әкеліп, FlyArystan-мен бірлесіп жұмыс жасау жобасы басқа аймақтарға да жақсы мысал бола алады деген сенімдеміз», — деді «Эйр Астана» АҚ-ның қаржы жөніндегі атқарушы директоры Ибрагим Жанлыел. 

Қарағандыдағы бекет ашылғаннан кейін 100-120 жұмыс орны пайда болады. Жергілікті өкілеттілікке ұшқыштар, бортсеріктер, инженерлер мен жерүсті қызметкерлері қабылданады. 

«Біздің серіктестік келісіміміз әлемдік тәжірибеге сай, яғни бюджеттік әуекомпаниялардың қолжетімді бағаларды ұсыну үшін аймақтық әуежайларды таңдау принциптеріне сәйкес жасалған. Осы тұста, Қарағандыда жыл бойы, ұшу және көру параметрлеріне сай ауа-райы өте жайлы және де қиындықсыз ұшып келу мен ұшып кетуге мүмкіндік беретін инфраструктура дамығанын атап кеткен жөн. Мұның бәрі келер жыл саны екі еселенетін жолаушыларға ойдағыдай қызмет атқаруға септігін тигізеді», — деді «Аэропорт Сары-Арка» АҚ басқарма төрағасы Сәрсенбек Көшкінов.

Көшкіновтың пікірінше, Сары-Арқа әуежайында FlyArystan лоукостерінің базалық бекетін ашу шешімі стратегиялық жағынан, яғни  қаржыны басқару қырынан өте орынды шешім.

Айта кетейік, FlyArystan осы уақытқа дейін Алматы-Қарағанды-Алматы бағыты бойынша 200-ден астам рейсті орындап, борттардың орташа жүктеме коэффицентін 93%-ға дейін жеткізді.