ПАРИЖ – Франция үкіметі ел экономикасын өркендетіп, компаниялардың нарыққа тез бейімделуіне мүмкіндік береді деген жаңа еңбек кодексінің принциптерін жариялады. Президент Эммануэль Макронның кабинеті қолға аламыз деген екінші шаруа – Франция мемлекетін реформалау ісі енді басталмақ.

Еңбек кодексіне өзгеріс төрт түрлі мақсатпен енгізіліп отыр. Біріншіден, шағын және орта ауқымды мекемелерде (жалпы жұмыс күшінің 55 пайызы осында) жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келіссөздерді кәсіподақтың адамдары емес, сайланған өкілдер жүзеге асырады. Екіншіден, үлкен компаниялардағы қоғамдық диалог жұмысшылардың бөлек комитеттерін (тазалық, денсаулық, қауіпсіздік, т.с.с.) бір орталыққа біріктіріледі. Үшіншіден, жалақы және жұмысқа алу мәселелеріне байланысты ұжымдық сауда ұлттық деңгейден сала және компания деңгейіне дейін төмендетіледі. Төртіншіден, қызметкерлерді жұмыстан шығару жеңіл әрі түсінікті болады, мәселен, еңбек соттары өтемақының ең төменгі және жоғарғы шектерін белгілейді.

Еңбек кодексінің реформасына жақын арада жұмыссыздықтан сақтандыру және қайта даярлықтан өткізу жүйелерінің реформасы қосылады. Біріншісінде бұл міндетті үкімет кәсіподақтардан өз қолына алады, сөйтіп жұмысшылардың барлық санаттарына, соның ішінде өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен басқа жақсы жұмысқа тұру үшін істеп жүрген жерлерінен шығып кеткендерге өтемақы төлеп отырады. Жұмыссыздықтан сақтандыруды реформалаудың шығыны 3-5 миллиард еуро болады деп болжанып отыр (3,6 – 6 миллиард доллар), ал мұны 2018 жылдың бюджеті негізінде жүзеге асыру қиынға соғатын шығар, себебі жоспар бойынша, келер жылы шығындарды 20 миллиард еуроға шегеру көзделген.

Жалпы, еңбек нарығы реформасы қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және босатуда компанияларға кеңірек мүмкіндік береді, ал бұл — өсімнің өзі инновация мен креативтілікке тәуелді экономика үшін өте қажет нәрсе (жұмыссыздардың тұрақты кіріс алып отыруына және қайта даярлықтан өтуіне көбірек көңіл бөлінеді). Бүгінде Францияның еңбек нарығы ұзақ жылға келісім-шартқа отырған білікті мамандар мен жұмыссыз қалып, арасында қысқа мерзімді жұмыс істеп, титықтап жүрген білігі төмен азаматтардың арасындағы жікшілдіктен көп жапа шегіп отыр. Үкіметтің реформасы бұл бөліністі жойып, әлеуметтік мобильділікке жол ашпақ.

Макронның экономикалық бағдарламасының екінші бөлігі – мемлекетті реформалау ісі бюджет саясатын және мемлекеттік шығындар жүйесін қайта қарау деген екі компоненттен тұрады. Бұл реформа да бұрыннан бар төрт мәселені шешуге бағытталған.

Біріншіден, басқа дамыған елдермен салыстырғанда Францияда капиталға ерекше көп салық салынады, бұл инновация мен кәсіпкерлікті тежейді. Екіншіден, мемлекет қаржысы экономикалық тұрғыдан тиімді, өсімге сеп болатын жолдармен жұмсалмайды. Үшіншіден, Франция әкімшілік кедергілердің кесірін көріп отыр, бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін төмендетіп, бюрократияны арттырады. Төріншіден, Франция – корпоративтік ел болып отыр, мұнда денсаулық сақтау, зейнетақы және отбасылық субсидияның көп түрі бар, адамдар жұмыс орындары мен секторларды жиі алмастырып отыратын инновацияға сүйенген экономикада бұл бюрократия тиімсіздік пен сын-қатердің көзі болып отыр.

Ақша-несие майданында Макрон екі маңызды қадам жасады. Біріншіден, кіріс саласында капитал табысына бірыңғай 30 пайыз салық салынады, бұрын капиталға жұмыс күшінен көп салық салынатын. Екіншіден, жылжымайтын мүлікке қатысы жоқ активтерге салынатын ауқаттылық салығы алынып тасталады, бұл кәсіпкерлер мен инноваторлар үшін жақсы жаңалық болмақ.

Үкімет бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты нақты шешімдер қабылдай қойған жоқ, десе де Макрон мен оның командасы Канада мен Швеция 1990-жылдары жүргізген реформаларды мұқият зерттеп жатыр. Мәселен, үкімет кейбір әкімшілік құрылымдарды немесе аймақтық, жергілікті үкіметтерді қысқарту арқылы мемлекеттік қызметкерлер санын азайтып, бұл органдардың кейбір әкімшілік функцияларын автономды агенттіктерге тапсыру туралы шешім қабылдауы мүмкін. Бұған қоса, үкімет қазіргі зейнетақы жүйелерінің барлығын (әлеуметтік қорғау, медициналық сақтандыру және отбасына жәрдемақы төлеу жүйелерін де) бір орталыққа жинап, ортақ жүйе құруы ықтимал (және құруға тиіс те). Бұл үкіметтің білім, жұмыссыздықтан сақтандыру, инновация салаларына көбірек инвестиция салуына мүмкіндік береді, әрі Еуропадағы бюджеттік міндеттемелерін орындауға да көмегін тигізеді.

Өсім баяулап, жұмыссыздық артып, өнеркәсіп өндірісі бәсеңсіп, илікпейтін корпорациялар реформа жасау ниетінің бәріне тосқауыл қойып келген жылдар артта қалып, Франция жаңа өзгерістер кезеңіне қадам басты деген үміт бар. Бұл үміт ақтала ма, жоқ па, оны биыл қабылданатын шешімдерден білеміз.

Авторлар туралы: Филипп Агийон – Гарвард университетінің, Франция колледжінің және Лондон экономика мектебінің экономика профессоры.

Бенедикт Бернер – Франция Ғылым академиясының оқытушысы, «Азаматтық құқықтарды қорғаушылар» қоғамдық ұйымының төрағасы және Гарвард университеті Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org