Халықтың қартаюы Британия экономикасын әлсіретеді

Ұлыбританияның Бюджеттік жауапкершілік жөніндегі басқармасының берген бағасы бойынша, келесі 50 жылда халықтың қартаюына байланысты Британия экономикасы күрделі проблемаларға жолығады: мемлекет қарызының көлемі, сонымен қатар мемлекет бюджетінің жетіспеушілігі күрт жоғарылайды.

Мемлекетке кеңес беруші ұйым — Ұлыбританияның Бюджеттік жауапкершілік жөніндегі басқармасының (Office for Budget Responsibility, OBR) сарапшылары 2065 жылға дейін есептелген Британия экономикасының қазыналық параметрлерінің бірнеше даму сценарийін қамтитын баяндама жариялады.

«Атап айтқанда, бала туу деңгейінің төмендеуіне және өмір ұзақтығының артуына қатысты тенденция «халықтың қартаюы» феноменінің туындауына себеп болды… Халықтың дәл осы қартаюы ұзақ мерзімді перспективада Ұлыбританияның мемлекеттік қаржысының халіне қатты ықпалын тигізетін болады», — делінген мекеме баяндамасында.

Ұйым сарапшылары баяндамада өткен 50 жылдағы Британия халқының құрылымы қалай өзгергендігін және келешектегі 50 жылға арналған болжамын келтірген.

OBR мәліметтері
Графика, OBR мәліметтері

OBR-дың негізгі болжамы мемлекеттік шығын үлесінің артуын меңзейді. Олардың пікірінше, белгілі бір кезеңде мемлекеттік шығын Британия бюджетінің кірісінен асып түседі.

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, Британия экономикасы уақыт өте бюджеттің тұрақты жетіспеушілігіне қарай ығысады: 2019-2020 жж. ЖІӨ-нің 2,1%-ына тең профициттен 2064-2065 жж. ЖІӨ-нің 1,9%-ына тең дефицитке ауады. OBR Британияның қазыналық параметрлеріндегі бұл нашарлауды 76 млрд фунт стерлинг деңгейінде бағалады.

Бұған қоса, аналитиктердің пікірінше, халықтың қартаюына байланысты дефициттің пайда болуымен қатар Британия экономикасында елдің таза мемлекеттік қарыз көрсеткіші (public sector net debt, PSND) де айтарлықтай жоғарылайды.