ІІМ: Kaspi Bank туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады

24

Алматы. 7kun.kz. 3 қараша  —Ішкі істер министрлігі WhatsApp арқылы Kaspi Bank туралы жалған ақпарат таратқандарды анықтап, жауапқа тартады. Банкке қатысты тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Whatsapp арқылы Kaspi Bank банкротқа ұшырады деген жалған аудио жазба тарай бастады. Осыған орай ел тұрғындарын арандатушыққа ермеуге шақырамын. Бұл таратылған  ақпарат  шындыққа жанаспайды. Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін ел заңнамасында қылмыстық жауапкершілік  қарастырылғанын ескертемін. Жалған ақпарат таратуға қатысы барлардың барлығы анықталып, жауапкершілікке тартылатын болады», — деді Алмас Садубаев.

Айта кетейік, бұған дейін WhatsApp банк басшылары кетіп қалғандықтан, банктегі ақшаларыңды қайтарып алыңдар деген аудиожазба пайда болған еді. Бүгін Kaspi басшысы Михаил Ломтадзе банк клиенттеріне видеоүндеу арнап, өзінің жұмыста екенін, алдағы аптада болатын таныстырылым шарасына дайындалып жатқанын айтты.