Инвестицияларды тарту үшін Үйлестіру кеңесі құрылды

Үйлестіру
Фото: Baribar.kz

Алматы. 22 сәуір. 7kun.kz — Инвестицияның жаңа толқынын тарту үшін Үйлестіру кеңесі құрылды. Оны премьер-министр Асқар Мамин басқарады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында белгілі болды.

«Елбасы экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша міндет қойды, бұл бізден орта мерзімді кезеңде негізгі капиталға инвестиция көлемін 25%-ға дейін арттыруды талап етеді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін тікелей шетелдік инвестицияларды тарту — аса маңызды міндет. Негізгі драйвер тікелей шетелдік инвестициялар болуы тиіс. Сондай-ақ ел экономикасына инвестициялардың жаңа толқынын тарту бойынша нақты жұмыс ұйымдастыру қажет», — деді Асқар Мамин.

Инвестиция тарту мәселелері бойынша барлық шешімдер енді үйлестіру кеңесінің қарауына енгізілетін болады.

«Кеңестің бірінші отырысы мамыр айында өтеді. Келесі айдан бастап үйлестіру кеңесінің отырысы жүйелі және апта сайын өткізіледі. Екіншіден, АИФК сайтында инвесторлармен жұмыс жасау үшін бірыңғай экожүйе құрылатын болады. Бұл жүйе барлық даму институттарын қамтиды және бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді », — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Премьер-министр АИФК аймақтық инвестициялық орталық болуы керектігін ерекше атап өтті.

«Үшіншіден, өңірлер инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Барлық инвестициялық жобалар жергілікті жерлерде іске асырылуда және инвесторларға көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі сол жерде көрсетіледі. Әкімдіктер бұл жұмысты инвесторлармен белсенді жүргізгені маңызды», — деді Асқар Мамин.