Ислам банктері деген болады екен ғой. Пайызсыз ақша береді екен. Біздегі банктерден мүлде бөлек көрінеді. Банктен несиеге 1 миллион теңге алсаң, оған кемі 300-400 мың теңге қосып қайтарасың ғой, ал ислам банктерінде мұндай пайыз деген болмайды екен. Несие алып, іс бастағысы келіп жүрген адамдардың аузынан осы тектес әңгімені көп естиміз.
Иә, Ислам мемлекеттерін айтпағанда, әрісі Америка Құрама Штаттары мен Австралияда, берісі Ұлыбританияда жемісті жұмыс істеп жатқан ислами қаржы жүйесіне қатысты білмейтініміз көп-ақ. Оның үстіне, халықаралық нарыққа шыға бастаған әйгілі «Al Hilal» ислам банкі 2010 жылы Қазақстанға да бір қадам жасаған болатын. Дегенмен, ислам банктері елімізде қалыпты жұмыс істеп кеткен жоқ.
Ислам қаржы жүйесі туралы жіліктеп айтып бере алатын мамандар да сирек. Едіге Алпысбай – осы саладағы мамандардың бірі әрі бірегейі. Едіге Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің түлегі. Ислам қаржысын зерттеп, елімізде тәжірибесімен бөліскен алғашқы кәсіби экономист. Едіге қазір «Amanie Advisors» компаниясының ТМД бойынша атқарушы директоры қызметін атқарады. Бұл – ислам қаржы саласы бойынша әлемдегі танымал ұйымдардың бірі.
«2009 жылы елімізде исламдық банктердің жұмыс істеуіне жағдай жасайтын алғашқы арнайы заң қабылданған кезде ислам банктеріне деген қызығушылық артты. Халық әртүрлі қабылдады. Біреулер тегін ақша күтті, біреулер үрке қарады, енді біреулер сынап жатты. Бұл салада тиісті әдебиет те, арнайы түсіндіру шаралары да жеткіліксіз болғандықтан, бұл түсінікті де», – дейді Едіге. Ал өзі осы олқылықтың орнын толтыру үшін ең көп сұралатын, халықты қызықтыратын басты сұрақтарға берілген жауаптарды жиыстырып, шағын ақпараттық материал дайындаған екен. Біз ең жиі кездесетін сұрақтардың жауабын ықшамдап, «7 күн» оқырмандарына да ұсынуды жөн көрдік.
- Ислам банктері пайызсыз несие береді дейді. Сонда олар қайдан пайда табады?
- «Ислам банкі» деген ұғым көбіне «пайызсыз несие» деген тіркеспен қатар айтылады. Кейбіреулер қайырымдылық деп түсінеді. Әуелі пайыз терминіне қысқаша тоқталсақ. Концептуалдық тұрғыдан ислам банктері пайызсыз банктер деп те сипатталады. Бірақ, пайызсыз деген табыссыз дегенді білдірмейді. Пайыз – экономикалық ұғым. Ақшаны тауар ретінде қарастырып, сол ақшаны сатудан түсетін табысты білдіреді. Кез келген экономикада табыстың үш түрі болады. Алғашқысы – тауар немесе қызмет сатудан түсетін табыс. Жалақы, өтемақы, өндірістік пайда, саудадан түсетін пайда осыған кіреді. Екіншісі – мүліктің пайдалану құқығын сатудан түсетін табыс. Яғни, үйіңіздің, жеріңіздің, көлігіңіздің, тағы басқа мүліктің өзін сатпайсыз, тек белгілі уақытқа пайдалану құқығын сатасыз, яғни жалға бересіз. Үшіншісі – ақшаны сатудан түсетін табыс. Яғни, пайыздық табыс. Социализм жүйесінде бұл табыстың үшеуі де мемлекеттің қолында болды. Капитализм жүйесінде үшеуіне де толық еркіндік бар. Ал, исламдық қаржы жүйесінде үшіншісіне тыйым салынады. Себебі, ақша тауар емес, тек айырбас құралы ретінде қарастырылады. Демек, исламдық қаржы ұйымдары табыстың алғашқы екі түріне сүйене отырып қызмет көрсетеді.
Мұндай «пайызсыз» қаржылық ұйым моделі тек исламдық жүйеде емес, басқа жүйеде де бар. Еуропадағы ислам банктерінен тыс, өз алдына бөлек пайызсыз қаржылық модельдер бар. Сондықтан, мәселенің діни астарына үңілетін ғалымдардың мынадай тұжырымы бар: «исламдық банктердің барлығы пайызсыз банктер, бірақ пайызсыз банктердің барлығы ислам банкі бола алмайды».
Ислам банктері «ақша» сатумен емес, тауар жəне қызмет сатумен немесе мүлікті жалға беру арқылы табыс табады. Əрине, қаржылық ұйымның мақсаты – сауда жасау емес, қолындағы қаражатын тиімді үлестіру. Сондықтан оның қаржылық «өнімдері» жоғары аталған табыс табу механизмдеріне негізделе отырып ұсынылады.
- Ислам банктерінің несиесі арзан емес екен. Онда олар қалайша исламдық банк болады? Жай банктерден не айырмасы бар?
- Ислам банктері де басқа банктер тәрізді коммерциялық ұйым. Пайда табуды көздейді. Тек табыс табу механизмдерін шариғатқа сай жүргізеді. Ислам діні тек құлшылық етуді ғана емес, адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Мұсылман адамның барлық өмір салты діни ұстанымға негізделеді. Бұл сырт көзге тым «тар жол» сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ешқандай «тарлығы» жоқ. Айталық, шариғат үш түрлі «қарым-қатынасты» реттейді.
Біріншісі – адам мен Жаратушының арасындағы қатынас, яғни құлшылық ету. Бұл – ғибадат. Екіншісі – адам мен қоғамның арасындағы қатынас, бұл – муамалат. Адам баласының күнделікті өмірі, әлеуметтік, қоғамдық қатынастар, отбасы, мемлекет, қаржы мəселелері осыған кіреді. Үшіншісі – адамның өз ожданымен арасындағы қатынасы, яғни – ахлақ. Бірақ, әр салаға қатысты əдістемесі бар. Мысалы, бастапқы ғибадатқа қатысты шариғаттың ұстанымы – тек рұқсат етілген ғибадат. Басқасының бəріне тыйым салынады. Діни терминмен айтқанда ондайлар «бидғат» болады, харам саналады. Муамалатта – керісінше. Нақты тыйым салынған нәрселер бар, одан өзгенің бәріне рұқсат етіледі. Мысалы, жейтін асқа қатысты болсын, қоғамдық қатынастарға қатысты болсын, қаржы саласында болсын «болмайды» делінген тыйымдар бар. Одан тыс кез келген жаңалыққа, жасампаздыққа жол ашық. Мұны бір деп қойыңыз.
Атауында «ислам банкі» деген сөз болғаны үшін ғана коммерциялық ұйымның қызметтері арзан болуы керек екен деген түсінік қате. Себебі ол да нарықтың заңдылығына бағынады. Ол да пайда табу тетіктерін ойластырады. Ол да бəсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, пайдасын арттыруға тырысады. Мысалы, қазір «халал» өнімдер бар. Олардың бағасы басқалардан жоғары болмаса, аса төмен емес. Шығыны бар, құны бар дегендей. Оларға барып, «халалсыңдар ғой, ислами тауарсыңдар, неге арзан болмайсыңдар?» деп айта алмайсыз ғой. Сол сияқты ислам банктерінің де ұсынатын қызметі, қаржыландыру құралдарының салыстырмалы түрде нарықтық құны бар. Нарық шарттарына қарай өз тарифтерін реттеп отырады. Бұны екі деп қойыңыз.
«Халал» дегеннен шығады. «Басқа банктерден не айырмашылығы бар? Жай терминдерін ғана өзгерткен, әйтпесе тура сол несие ғой» деп келетін сұрақтың үшінші бөлігіне жауап беріп көрелік. Расында да, исламдық банктерді өзге банктерден ерекшелендіретін басты мәселе – оның халалдығында. Яғни, ислам банктері шариғатқа қайшы келмейтін құралдарды қолдана отырып қаржылық өнімдер ұсынады. «Шариғатқа сай» демей, «шариғатқа қайшы келмейтін» деп әдейі айтып отырмын. Шариғатқа сай екені белгілі ғой, бірақ жоғарыда атап өткендей муамалат саласы бойынша белгіленген тыйымдардан басқа нəрселерге рұқсат етіледі дедік қой, соған сəйкес бұл да. Басқаша айтқанда, барлық банктердің, тіпті, барлық қаржы ұйымдарының «функциясы» бірдей. Мейлі ол ислам банкі болсын, мейлі ол дәстүрлі банк болсын, басты қызметі – белгілі бір шарттармен «арзаныраққа» қаржы жинап, оны белгілі бір шарттармен «қымбатыраққа» үлестіру.
Арадағы айырмашылық – ұйымның пайдасы. Негізінен осылай боп келеді (қосымша көрсететін қызметтерін әзірге айтпай-ақ қояйық). Алайда, сол қаржыны жинау мен үлестіруде қолданылатын механизмдері өзгеше болады. Дəстүрлі банктер халықтан ақшаны арзанға «сатып алады» да, қымбатқа «сатады». Ислам банктері олай істей алмайды. Олар шариғатқа қайшы келмейтін механизмдер қолданады. Сырт көзге бірдей болып көрінуі мүмкін: банктен ақша аласың, көбірек қылып қайтарасың. Алайда, банкпен арадағы келісімшарттың мәтініне, ондағы шарттарға үңілетін болсаңыз, айырмашылық көп. «Халал» болуы үшін шариғаттың белгілеген тəртібі бар. Мысалы, жоғарыда айтқан халал шұжықтарды алайық. Оны халал қылатын нəрсе не? Шариғаттың белгілеген тәртібі емес пе? Малды сою тәсілі, оны тазалау жолы, т.б. Әйтпесе, сол ет, сол шұжық. Сол сияқты ислам банктерін де халал қылатын – қолданатын қаржылық құралдардың шариғатқа қайшы болмауы. Сырттай бірдей болып көрінгенімен, біреуі – халал, екіншісі халал емес. Ислам банкі дегенге бұрын-соңды болмаған, ерекше бір қаржылық өнімдер деп ойлау немесе қайырымдылық күту – қате. Мұны үш дейік.
Исламдық қаржы ұйымынан қайырымдылық күту де негізсіз емес. Бірақ, оның исламдық банктерге қатысы жоқ. Ислам қоғамында «уақф» деген қаржылық ұйымдар болады. Тарихта мұсылман қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық мəселелерді шешуде өте үлкен рөл атқарған бұл ұйымдар қазір де кейбір елдерде сақталған. Оның мақсаты, жұмысы мен механизмі сəл өзгеше. Бірақ оларды исламдық банктермен шатастырмау қажет.
- Исламдық қаржыландыру бойынша Қазақстанда магистратурада оқу мүмкіндігі бар ма?
- Әзірге Қазақстанда бұл мамандық бойынша магистрлік оқу бағдарламалары жоқ. Бірақ, болашақта қарастырылады. Жекелеген жоғары оқу орындары бұл бағытта дайындық жұмыстарын жүргізіп те жатыр.
«ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЖИНАҒАН ДЕПОЗИТІМ БАР ЕДІ...»
Ислам банктері, халал қаржы жүйесі туралы сөз болғанда қарапайым халық көбіне-көп ипотека, төменгі пайызбен несие алу туралы сұрайды. Едіге Алпысбайға да осы тұрғыда сауал қоятындар көп. «Мен «пәтуа» беретін дін ғалымы емеспін. Сондықтан, менің берген жауабым исламдық қаржы жүйесінің ерекшеліктері мен әлемде қабылданған (шариғат ғалымдарының пікірлеріне негізделе отырып) белгілі стандарттар тұрғысынан болады. Сондықтан «былай істесем бола ма?» дегеннен гөрі «исламдық қаржы жүйесінде осы мəселе қалай қолға алынған немесе шешілген?» деген тұрғыдағы сұрақтарға жауап беруге тырыстым», – дейді Едіге. Міне, сондай күнделікті өмірде жиі кездесетін сауалдардың бір парасы...
- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшотым бар. Болашақта сол банк арқылы пәтер алсам деймін. Банкпен осындай қарым-қатынасқа дініміз не дейді?
- Тұрғын үй құрылыс банкінің ұсынып отырған бағдарламалары қарапайым азаматтар үшін қолайлы әрі жеңіл. Алайда, таза ислами тұрғыдан алғанда, шариғатқа сай емес. Себебі, сіздің салған депозитіңізге өсім төленеді, ал алған несиеңізге (аз мөлшерде болса да) сіз өсім төлейсіз. Біздегі дәстүрлі банктердің бүгінгі таңда ұсынып отырған ипотека және басқа несиелік бағдарламалары да солай. Демек, объективті тұрғыда мұндай несиелерді алуға дініміздің талаптары бойынша тыйым салынған. Алайда, баспана адамның басты қажеттіліктерінің қатарында болғандықтан, егер оны алудың басқа (адал) жолы болмаған жағдайда, несие алуға болады деген бірқатар ғалымның пәтуасы бар екені жасырын емес. Дәл қазір халық үшін тұтынушылық мақсат үшін қаржыландыру тетіктерін ұсынатын исламдық қаржы институттары жоқ. Бірер жылда ондай өнімдер де нарыққа шығады.
- Ислам банктері болашақта ипотека бойынша жұмыс істей ме?
- Алдымен ұғымдардың ара-жігін ашып алған дұрыс деп санаймын. Біріншіден, Ислам Даму Банкі – 1975 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан халықаралық қаржы ұйымы. Қазақстанда осы қаржылық ұйымның аймақтық өкілдігі 1997 жылы ашылған. Бұл ұйымның мақсаты – ұйымға мүше мұсылман елдерінің экономикасына қолдау көрсету. Бұл ұйым көпшілік сөз етіп жүрген «ислам банкі» емес.
Ал, Ислам банктері – Қазақстанда 2009 жылы қабылданған арнайы заң негізінде жұмыс істей алатын, атауында міндетті түрде «ислам банкі» деген сөз болуы тиіс, Қазақстан Ұлттық банкінің арнайы лицензиясына ие екінші деңгейлі банктер. Яғни, бұлар нарықтағы дәстүрлі банктер сияқты (нарықта солармен қатар қызмет көрсететін), жеке және заңды тұлғалардан депозитке қаржы жинап, оларға қаржыландыру өнімдерін ұсынатын коммерциялық қаржылық ұйымдар. Бұл банктер жекеменшік немесе мемлекеттік жəне шетелдік капиталмен ашылуы мүмкін. Қазіргі кезде Қазақстанда бір ғана осындай ислам банкі бар. Ол – Әл Хилал ислам банкі. Оның қызметтері туралы ақпаратты банктің ресми сайтынан алуға болады. Бұл банк әзірше тек ірі корпоративтік клиенттермен ғана жұмыс істейді. Банк басшылығының берген ақпаратына сəйкес, болашақта жеке тұлғалармен жұмыс, оның ішінде исламдық ипотека өнімдері жоспарда бар көрінеді. Алайда, қашан екені бізге беймәлім. Мұны тікелей банкке хабарласып білген дұрыс.
- Екі жыл бұрын жеке кәсіпкер куәлігін алған едім. Жақсы жобам бар. Ислам банкі 2 миллион теңге қарыз бере ала ма? Берсе, қандай шартпен берер екен? Бизнесті қаржыландыру жөнінде білгім келеді..
- Егер әңгіме Әл Хилал банкі туралы болса, бұл банк әзірге жеке кәсіпкерлерге ешқандай қаржылық өнім ұсына алмайды. Ал егер жобаңыз ауылдық жерде орналасқан болса, Ауыл шаруашылығын қолдау қорына хабарласуыңызға болады. Бұл қор жақында Ислам даму банкінің қолдауымен арнайы исламдық микроқаржыландыру қызметін өткізген. Ол бағдарламаның жайын өздеріне хабарласу арқылы біле аласыз.
- Жеке тұлғалармен жұмыс істеуге ислами банктерге не кедергі болып отыр деп ойлайсыз? Үкімет ислам банктерін ашу бағытында не істеп отыр?
- Ислам банктеріне заңдық тұрғыдан кедергілер жоқ. Бар болса да, олар бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Алайда, бізде әзірге бір ғана ислами банк бар. Бұйырса, келесі жылы бірер банк ашылады деген жорамал бар. Банктерден басқа, жеке тұлғаларға түрлі қаржылық өнімдер ұсынатын басқа да институттар қажет. Мысалы: исламдық сақтандыру (такафул) ұйымдары, микроқаржыландыру ұйымдары. Осы ұйымдардың заңнамалық негізі дайындалса, жеке тұлғаларға ұсынылатын қызметтер арта түседі деп сенемін.
Үкімет тарапынан исламдық қаржы жүйесін дамытуға қатысты қолдау бар. Дегенмен, исламдық қаржы ұйымдарының жеке, коммерциялық ұйымдар екенін естен шығармаған жөн. Олардың көптеп ашылуы, дамуы нарыққа, ондағы сұраныс пен ұсынысқа тікелей қатысты. Үкіметтің рөлі – заңнамалық тұрғыдан қолдау және халықтың сауатын ашуға қатысты шаралар жасау. Əсіресе, осы сауат ашу мәселесіне көбірек көңіл бөлінуі тиіс деп санаймын.
- Депозит және ипотека мәселесі қызықтырады. Ислам банкінің қаржылық қызметтерін біз нақты қай кезде пайдалана аламыз?
- Бұйырса, бір-екі жылдың ішінде пайдалана аламыз. Ал депозит қазірдің өзінде бар болуы керек.
- Ислами емес банктерде есепшотымыз болса, мысалы, ақша салсақ, ақша аударсақ, бұл шариғатқа қайшы ма?
- Ағымдық есепшот бола береді. Тіпті, банк комиссия алатын басқа қызметтерді де пайдалануға болады. Банк ақша емес, қызмет «сататын» болса, онда тұрған ештеңе жоқ.
- Қазақстанда азғантай қаражат салып, халал пайдаға кенелетіндей мүмкіндік бар ма?
- Егер әңгіме қаржылық өнім туралы болса, онда Әл Хилал ислам банкіне депозитке салуыңызға болады. Оның шарттарын банкке хабарласып білу керек. Немесе брокерлік компаниялар арқылы қаржыңызды құнды қағазға сала аласыз. Құнды қағаздар екіге бөлінеді: акциялар және ислам облигациялары (сукук). Акцияны шетелдік компанияларға саламын десеңіз, халықаралық биржалардың көпшілігінде ислам индексі бар. Яғни, шариғат бойынша рұқсат етілетін акциялар. Дәстүрлі құнды қағаздар нарығы тəрізді, исламдық нарықта да оның түрлері бар. Акциялардың «қарапайым» түріне ақша сала аласыз. Ал «артықшылығы бар» акцияларға ақша салуға болмайды, себебі оларға бекітілген пайыздық табыс төленеді.
Исламдық облигациялардың (сукук) дәстүрлі облигациялардан (бондтардан) айырмашылығы – сукуктар нақты бір мүліктің кепілдігінде шығарылып, инвесторға төленетін өтемақы шариғат талаптарына сай төленеді. Сукуктың да түрлері бар. Акцияларды сатып алу үшін нарықтағы брокерлік-дилерлік компаниялардың бірімен жұмыс істеу қажет. Ал сукук сатып алу үшін арнайы пайлық инвестициялық қорлардың пайына ақша салу керек. Себебі, жеке тұлға ретінде сукукты сатып ала алмайсыз. Әлемдік нарықта шариғат талаптарына сай құнды қағаздарды табу қиын емес. Қазақстанда жүйелі түрде ондай қызмет көрсететін брокерлік компаниялар әзірге жоқ.
- Әл Хилал банкі тек ірі кəсіпорындармен ғана жұмыс жасайды екен. Қарапайым халықпен жұмыс істемейтіні күмәнді ойға жетелейді. Оның үстіне, қазір шет елдерде Ислам банкі аталып жүрген қаржы жүйелері қатты сынға ұшырап жатыр. Бұл банктер пайыз алмаймыз дегенімен, жасырын рибаға жол береді екен. Естуімше, Пəкістан, Малайзия сияқты елдердің мұсылман ғалымдары Ислам банктерін де харам деп пәтуа шығарып қойыпты. Яғни бұл банктердің өзге дəстүрлі банктерден айырмашылығы жоқ көрінеді. Осы мəселеге қатысты не айтар едіңіз?
- Сұрағыңыз орынды. Алайда, шариғатқа қатысты мəселелер өте күрделі талдауды, терең білім мен біліктілікті талап етеді. Бір нәрсеге қатысты ой қорытып, пікір айту оңай емес. Сан түрлі діни мәселеге қатысты ірі-ірі ғалымдар өз пікірлерін айтатыны белгілі. Ғибадат мəселесінде де, муамалат мəселесінде де, ахлақ мəселесінде де солай. Сондықтан, кез келген мəселеде көпшілік ғалымдардың ортақ пікірі қабылданады.
Қазіргі ислами қаржы жүйесіне сын айтатын ғалымдар бар, болуы заңды да. Бірақ, жалпы көпшілік ғалымдардың пікірі бір жерден шығады. Сондықтан әлемде дәл қазіргі исламдық қаржы институттары жұмыс істейді. Олардың əрқайсысында арнайы шариғат кеңестері болады. Ол кеңеске әртүрлі елден түрлі ғалымдар мүше болады. Сырт көзге тым оңай болып көрінетін әрбір қаржылық өнім, қаржылық құралдың артында талай ғалымның үлкен еңбегі жатады. Зерттеу жұмыстары ұдайы жалғасып отыратындықтан, уақыт өте бұдан гөрі жетілдірілген исламдық қаржы құралдары шығуы ғажап емес. Ал «харам» деген пəтуаны бүкіл елдің ғалымдары бірауыздан емес, бірен-саран кісілер айтуы мүмкін. Және бүкіл жүйеге емес, оның ішіндегі бірді-екілі нақты қаржылық құралға қатысты айтқан болуы мүмкін. Оны көпшіліктің пікірі деп қабылдау дұрыс емес.
Еліміздегі осы саладағы санаулы мамандардың бірі болғандықтан, соның ішінде, әсіресе, қазақ тілінде де еркін сөйлейтіндіктен, Едігеге ислам банктері туралы сұрақ қоюшылар көп-ақ. Ол болашақта осындай ақпараттық материалды жинақтап, кітапша етіп шығаруды да ойластырып жүргенін айтты. Сондай-ақ, Едіге алдағы уақытта еліміздің ірі қалаларында Исламдық экономика жəне қаржы мəселелері бойынша арнайы семинарлар өткізбек.