Экономикадағы ғылым мен қулық

169
экономика
Фото: investgazeta.ua

НЬЮ-ДЕЛИ – Қарсы дәлелдер көп болғанына қарамастан, мейнстрим экономиканың қалыптасқан қағидалар бойынша тұжырым жасап, солардан айнымайтын қасиеті бар. Бұл – нашар жағдай, бірақ өзін ғылымға жатқызатын саланың эмпирикалық нәтижелерді қайталауда табандылық танытпауы бұдан да жаман. Жаратылыстану ғылымдарының көбінде бұл – стандарт және маңызды жағдай, ал экономикада керісінше немқұрайдылық, тіпті кейде ашулы қарсылық бой көрсетеді. Кей жағдайларда тұжырымдарды қайталауда пайдаланылуға тиіс мәліметтер басқа зерттеушілерге берілмейді.

Әдетте мұның себебі саясатқа барып тіреледі, себебі насихатталып, таратылып жүрген нәтижелер белгілі бір идеологиялық ұстанымдарды және солармен байланысты саяси көзқарастарды қолдайтындардың экономика туралы түсінігіне сай келеді. Мәселен, бюджетті үнемдеуді және нарықты қайта реттеуді қолдайтын эмпирикалық жұмысқа көп сілтеме жасалып, сол нақты нәтижелерге қол жеткізуге негіз болады. Мұндай жұмыстарды шұқшия тексеретіндер, мәселен, оның статистика процедураларына күмән келтіріп, тұжырымдарына қарсы шығатындар сирек, мұндай тек жаратылыстану ғылымдарында болады.

Стивен Мур мен Артур Лаффердің Трамптың АҚШ-та салықтарды қысқартуы өзін өзі ақтап қана қоймай, мемлекеттік бюджет дефицитін азайтып, жеке инвестицияны арттырады деген тұжырымын алып қарайық. Олардың тұжырымы мүлде қате болып шықты, дегенмен экономикалық шынайылық салықтың азаюы салық түсімдерін көбейтеді деген Лаффер қисығының тұжырымына әлі де сеніп жүргендерге көп әсер ете алмағанын байқатады.

Стервас Стормның жаңа мақаласы неолиберал экономиканың әйгілі қағидасы – еңбек нарығының “қаттылығы” өнімділік пен еңбекпен қамтуды кемітеді деген тұжырымды жоққа шығарады. Бұл аргументті дәлелдеу үшін жиі қолданылатын эмпирикалық зерттеулердің бірі – Тимоти Бесли мен Робин Бургесстің 1958-1992 жылдар аралығында Үндістанның штаттарындағы өнеркәсіп мәліметтерін сараптаған мақаласы. Бесли мен Бургесс кей штаттардағы еңбеккерлерге бағытталған ережелер өнімділіктің, жұмыспен қамтудың және инвестицияның төмендеуіне, тіпті мұндай ережелерді енгізбеген штаттармен салыстырғанда қаладағы кедейліктің артуына алып келді деген.

Бұл тұжырым еңбек нарығын реттеу өнеркәсіптің кеңеюіне зиянын тигізеді, өнеркәсіп өнімділігін және еңбекпен қамтуды ұлғайту үшін еңбек нарығының “икемділігін”, яғни жұмысшыларды қорғайтын заңдарды алып тастайтын ережелерді насихаттау керек деген дәстүрлі пікірді бекіте түседі. Бұл даналық тек Үндістанда үстем болған жоқ, ол дамушы елдердің көбінде саясатқа тиісті ықпалын жүргізді. Салмақты экономистер Бесли мен Бургесс қолданған әдістемеге үлкен күдік келтіргенімен, олардың сыны саяси шешім қабылдаушыларға көп ықпал ете қоймады.

Десе де, Стормның сыны әлдеқайда салмақты, себебі оның зерттеуі Бесли мен Бургесстің жаңалықтарын қайта тексере алмады, әрі олардың еңбек нарығын реттеу өнеркәсіп өнімділігіне ықпал етеді деген тұжырымы статистикалық тұрғыда негізсіз екенін дәлелдеді. Ол нәтиженің авторлардың өз теориялық тұжырымдарымен сәйкес келмейтінін әрі олардың бір-біріне қайшы келетінін және эмпирикалық тұрғыда шындықтан алшақ екенін байқайды. Сторм “бұл мақала – кәсіби тұрғыда өте ұят еңбек… және ол ғылыми мақсат пен құрметке бөленуге деген ерекше құлшыныстың қосындысы негізсіз эмпиризмге алып келетінінің және оның дәлелден де жоғары тұратынының айғағы” деген ауыр қорытынды жасайды.

Сонда Бесли мен Бургесстің қалай жолы болған? Неге мұндай нәтижелер ғылыми әдебиет пен саяси ортада жан-жақты қаралып, жоққа шығарылмаған? Оның үстіне, бұл мақала жасырын рецензенттер екі мәрте қарайтын әйгілі экономикалық журналда жарияланған. Бұл мақала бүкіл әлемдегі еңбек нарығын реттеу ережелерін негіздеуге пайдаланылған әрі еңбеккерлерге көп кесірін тигізген. Бұған экономика мамандарының, мұндай зерттеулерге “құрметпен” қарайтын басты академиялық журналдардың қатысуы – үлкен мәселе.

Мейнстрим экономиканың билікке қызмет ететіні жасырын емес. Джон Кеннет Гэлбрейт 1973 жылы истеблишмент экономикасы “билік жүргізуі қоғамның үнсіздігіне тәуелді жандардың ең құнды одақтасына айналды” деген еді. Содан бері экономиканың бұл рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Сонымен бірге ол пәннің қоғаммен байланысын азайтып, оның заңдылығы мен сенімділігін төмендетіп жіберді. Халықтың көпшілігі қазір экономиканы дұрыс сауал қойып, оған адал түрде жауап беруге тырысатын ғылым саласы деп санамайды.

Сенімді арттыру үшін экономика ғылымы өз тұжырымдарына, әдістері мен нәтижелеріне қатысты сыни пікірге көп көңіл бөлуі керек. Қарсы пікірлердің ащы шындығына үнемі көз жұма қарауға болмайды. Ерте ме, кеш пе, шындық бәрбір бетті қариды.

Жаяти Гош – Нью-Делидегі Жавахарлал Неру университетінің экономика профессоры, Даму экономикасы бойынша халықаралық қоғамдастықтың атқарушы хатшысы және Халықаралық корпоративтік салық реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org