Экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 10,3%-ды құрады

5
Фото: wsj.com

Алматы. 30 сәуір. 7kun.kz — 2019 жылғы наурыз айының соңында банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 12 473,2 млрд теңгені құрады (бір айда 0,1%-ға азайды). Бұл туралы Ұлттық Банкте хабарлады.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер көлемі 1,3%-ға, 7 036,9 млрд теңгеге дейін төмендеді. Ал жеке тұлғаларға берілген кредиттер көлемі 1,5%-ға, 5 436,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін есепке алмағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 10,3%-ды немесе 1,1 трлн теңгені құрады.

«Ұлттық валютамен кредиттердің көлемі бір айда өзгеріссіз қалып, 10 012,3 млрд теңге болды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін несиелер 1,7%-ға азайды, жеке тұлғаларға берілетін несиелер 1,6%-ға жоғарылады. Шетел валютасымен кредиттердің көлемі 2 460,9 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға қысқарды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,6%-ға, ал жеке тұлғаларға кредиттер 2,6%-ға азайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2019 жылғы наурыздың соңында 80,3%-ды құрады (2019 жылғы ақпанда – 80,2%) », — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 10 621,8 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға өсті. Бұл ретте қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2,4%-ға төмендеп, 1 851,4 млрд теңгені құрады.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу бір айда 2 191,3 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінен 17,6%) артты.

«Салалар бойынша бөлінген банктердің экономикаға кредиттерінің ең қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 15,3%), сауда (13,7%), құрылыс (5,8%) және көлік (3,9%) сияқты салаларға тиесілі», — деп атап өтті қаржы реттеушісі.

Бұдан басқа, 2019 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,0% (2019 жылғы ақпанда – 12,4%), жеке тұлғаларға – 17,8% (18,2%) болды.