ПАРИЖ – Халықаралық ынтымақтастыққа қатер төніп тұр. Протекционизм мен национализм үні жарқын шығып барады, ал үкіметтер бірлесе жұмыс істеудің орнына күннен-күнге біржақты, уақытша шаралар қабылдап, өз саясаттарын жүзеге асыруға бейімделіп келеді.

Жалпы жағдай осындай болғанына қарамастан, тиімді экономикалық ынтымақтастықтың экономикалық нәтижелерге оң ықпал етіп, күнделікті өмірімізді жақсартатыны айдан анық. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЕЫДҰ – OECD) қаржылық ақпаратпен автоматты түрде бөлісіп отыруды көздейтін “Ортақ есеп беру стандартының” арқасында әлем елдері 85 миллион еуродай (99 миллиард доллар) қосымша салық түсіміне ие болды, бұл ақшаны әлеуметтік саясатты жақсартуға жұмсауға болады. Осы ұйымның “Параға қарсы конвенциясының” арқасында 43 елде бизнесте пара беру қылмысқа жатқызылған. ЕЫДҰ-ның “Студенттерді бағалаудың халықаралық жүйесінің” арқасында 70-тен аса ел білім беру саясатын жүргізуде көбірек ақпаратпен қамтылып отыр.

Бұлар – көпжақты институттардың қазіргі қоғамға әкелер игілігінің бір парасы ғана. Бірақ көпжақтылықтың бағасы кез келген нақты бағдарлама мен саясаттан анағұрлым құнды.

Халықаралық жүйе мен оның институттары соғысқа қарсы қорған ретінде құрылған. Еуропаға Екінші дүниежүзілік соғыстың қирандыларынан бас көтеруге септескен соң көпжақтылық мемлекеттерді халықтың жағдайын жақсартып, өмір сапасын арттыру деген ортақ мақсатқа жұмылдырды. Экономикалық өлшемдерді былай қойғанда болмай қалған соғыстар мен аман қалған адамдар үшін көпжақтылыққа қарыздармыз.

Дегенмен, көп жұрт халықаралық ынтымақтастық бүгінгі мәселелерді шешуге дәрменсіз деген тұжырымға ойысып келеді. Әлем экономикаларының арасында өзара байланыс арқылы дамуға серпін беріп, миллиондарды кедейліктен құтқарса да, өмір стандарттарын арттырса да, оның игілігін мемлекеттер бір деңгейде көрмеді.

Көпжақтық біз қалағанның бәрін бере алмайтын болса, бұл – одан бас тарту керек деген сөз емес. Керісінше, оның қазіргі заманда шапағаты көп болуына ат салысуымыз керек.

Әлемдегі сын-қатерлердің қарқынына қарасақ, бірде-бір ел жалғыз жүріп, тіпті жұптасып жүріп, ұзаққа кете алмайды. Тек көпжақты ынтымақтасу арқылы бүгінгі күрделі мәселелердің түйінін шешеміз. Көпжақты ынтымақтастық қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге жол ашып, ортақ ойын ережелеріне ұйысатын платформа жасайды, халықаралық ағыстарды басқаратын механизмдерді, елдер бір-бірінен үйреніп отыратын идеялар мен тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беретін арналарды қалыптастырады. Соңғы 70 жылда бақуаттылық пен мүмкіндіктердің таралуына ғаламдық ынтымақтастық пен интеграция ерекше үлес қосты.

Осы аптада ЕЫДҰ елдерінің министрлері Франция президенті Эммануэль Макронның басқаруымен Парижде кездеспек. Олар “халықаралық ынтымақтастық бұрынғыдан да маңызды, ол әсіресе халықтың өкпе-назы мен болжалына жауап беріп, олардың үкілі үміттерін жүзеге асыру үшін қажет” деген идеямен бас қосады.

Не істеу керектігін білеміз. Нарықты жаңа цифрлық технологияның жойқын әсерінің алдын алып, ол беретін мүмкіндіктерді пайдаланатындай етіп ақылмен реттеуіміз керек. Біз ғаламдық сауда мен инвестиция ережелерін тәрк етпей, керісінше жаңартуымыз керек, сонда оның игілігі көпке пайдасын тигізеді. Теңсіздікпен күресіп, әлсіздерді қорғаудың жаңа әдістерін табуға тиіспіз. Біз балаларымызға тек сапалы білім беріп қана қоймай, өздері тұратын ғаламшарды гүлдендіріп, таза ұстауға қажетті дағдыларды бойларына сіңіруіміз керек.

Елдер жұмыссыздық, жалақының төмендеуі, тұрғын үй, денсаулық сақтау мәселелерін шешкенде инклюзив дамудың жолдарын бір-бірінен үйрене алады. Дегенмен, жемқорлық, қаржы ағындары, киберқауіпсіздікке қатер, әділетсіз бәсеке, ауаның ластануы және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселелерді ынтымақтаспай шешу мүмкін емес, елдердің жеке-дара күресі жарым-жартылай, қысқа мерзімді болады.

Жақында АҚШ конгресінде сөйлеген сөзінде Макрон “тиімді, жауапты әрі нәтижеге бағытталған көпжақтылықты өркендетуге” шақырды, бұл көпжақтылық “біздің мәдениеттеріміз мен болмысымызды бірге әспеттеп, бірге қорғауға және бірге гүлденуге” мүмкіндік береді деді ол. Осы тұрғыдан қарасақ, ЕЫДҰ осы апта халықаралық ынтымақтастық принциптерін қорғауға назар аударып қана қоймай, нені жетілдіруге болатынын да талқылайды.

Мәселенің шешімін табу үшін біз жұрттың бәрін, әсіресе үкіметтер мен институттарға сенуден қалған кісілерді тыңдауға тиіспіз. Көпжақтылық жақсы өмірге ұмтылатындардың барлығына қызмет ету бағытында дамуы керек.

Әлем бөлшектенсе, бұдан бәріміз ұтыламыз. Біліміміз бен тәжірибемізді және ресурстарымызды біріктіріп, жауапты, тиімді әрі инклюзив көпжақты жүйеге оралсақ, бәріміз үшін жарқын да гүлденген болашаққа жол ашар едік.

Автор туралы: Анхель Гурриа – Мексиканың бұрынғы Сыртқы істер (1994-1997) және Қаржы (1998-2000) министрі, ЕЫДҰ-ның Бас хатшысы.

© Project Syndicate 1995–2018