Көздің көру қабілетін жақсартатын линза жасалып жатыр

Ocumetics Technology компаниясының негізін қалаушысы әрі басшысы Доктор Гарт Уэбб (Dr. Garth Webb) көздің көру қабілетінің азаюы мәселесін толықтай шешетін құрылғы жасап жатқанын жеткізді.

Аталған құрылғы көру қабілеті нашарлағандарға үш есе өткір көрсететін болады деп сендіруде.

Компанияда аталған құрылғы Ocumetics Bionic Lens деген атауға ие болды. Мамандар линза жасау үшін 8 жыл еңбек сіңірген. Кеткен қаражат көлемі — 3 млн доллар. Одан бөлек, құрылғы тек көздің көруін жақсартып қана қоймай, көзілдірік, линзаны өмір-бақи ұмытуға көмектеседі. Бірақ, Ocumetics Bionic Lens-ді қолдану үшін көзіңізге «зиянсыз, ауыртпайтын» ота жасату керек болады. Ота катарактаны алып тастайтын отамен ұқсас келеді. Яғни, көздің бұршағы (жанары) алынады да, жасанды линза салынады. Бұл амбулаториялық процедура наркозды немесе ұзақ уақыт медициналық мекемеде болуды қажет етпейді. Имплантантты салу үшін бар-жоғы 8 минут уақытыңызды алады.

Ота барысында бионикалық линза көзіңізге жиналған түрінде енеді. Енгізу үшін физиологиялық ерітіндісі бар ине салынады.Одан соң 10 секунд ішінде линза жазылып, көздегі қажетті орынға барады. Нәтижесінде, көздің көру қабілетін дұрысталады. Осылайша, көзіңіз тамаша көретін болады. Және уақыт өткен сайын көру қабілетіңіз нашарламайтын болады.

Енді Ocumetics Technology компаниясы клиникалық зерттеулер процесін қолға алатын болады. Осы ретте ол көптеген көз дәрігерлерінің қолдауына ие болып та үлгерді. Алдымен тәжірибе үшін жануарлар пайдаланылады. Осыдан соң барып, көзі нашар көретін адамдарға жасалынады. Егер барлық нәтижелер оң болатын болса, компания бақылаушы органдардың рұқсатын алады. Болжам бойынша, Ocumetics Bionic Lens құрылғысы 2017 жылы нарыққа шығады. Оны 25 жастан жоғары адамдар қолдана алады. Себебі, көз құрылымы осы жастан кейін ғана толықтай қалыптасады.