KAZ Minerals 21,5 мың тонна катодты эквиваленттегі мыс өндірді

Фото: altaynews.kz

KAZ Minerals тобы Ақтоғайда тотыққан кеннен өндірілген 1,5 мың тонна катодты мысты қоса есептегенде, 2016 жылдың бірінші тоқсанында 21,5 мың тонна катодты эквиваленттегі мыс өндірді. Мыс концентратының өндіріс көлемі 22,4 мың тоннаны құраған, оның ішіндегі 1,1 мың тонна концентрат Бозшакөлде өндірілді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Компанияның бірінші тоқсанда өндірген кен көлемі 10,6 млн тоннаны құрады. Бұл 2015 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 2,6 мың тоннаға (немесе 32%) артық. Бұл негізінен Ақтоғайдағы тотыққан кен өндірісінің артуы есебінен орын алды. Ал 2015 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырсақ, бұл көрсеткіш он еседен аса артып отыр. Өсім Бозшакөл мен Ақтоғайдағы ашық тәсілмен кең ауқымды өндіріс жұмыстарының басталуымен байланысты болды. Мыстың кендегі орташа құрамы – 0,65%.

Есепті кезеңде Топ 19,9 мың тонна концентраттағы мырыш өндірді, ол өткен тоқсанға қарағанда 1,1 мың тоннаға аз. Себебі, Шығыстүстіметтің Артемьев және Орлов шахталарындағы кен өндіру анағұрлым төмен құрамды учаскелерге жалғасып жатыр.

Түйірленген күміс өндірісінің көлемі бірінші тоқсанда 751 мың унцияны құрады. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 10% жоғары, ол негізінен Балқаш мыс балқыту зауытында (БМЗ) аяқталмаған өндіріс көлемін шығару есебінен болып отыр.

Құйма эквивалентіндегі алтын өндірісі 12,7 мың унцияны құрап, 2015 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда шамамен екі есеге артып отыр.