Киндер сюрприздің сиқыры неде?

1818
Киндер сюрприз

Kinder Surprise тарихы – бұл өз ісіне деген адалдық пен өмірге деген құштарлықтың тарихы. Жетістікке жету үшін тек еңбек етіп қана қоймай, үнемі ізденіс үстінде жүрудің қаншалықты маңызды екенін көруге болады. 

Бәрі қалай басталды?

Ішінде сыйлығы бар шоколад жұмыртқаның қалай пайда болғаны туралы айтпас бұрын, Микеленің әкесі Пьетро Феррероның өмір тарихын айта кеткен жөн. Ол бүгінде бәріне танымал «Нутелла», «Рафаэлло», «Тик-Так» тәттілерін шығаратын Ferrero фирмасының негізін қалаушы. 1940 жылдардың өзінде Пьетро мырза әйелімен және ағасы Джованнимен бірге түрлі кондитерлік өнімдер жасап, ішіне неше түрлі ингридиенттер қосып дайындап жүреді. Өнімдерін сатып пайда тауып, ақыры атағы күллі Италияда жер жарады. 1946 жылы Альбада алғашқы фабрикалары ашылып, он жылдан кейін халықаралық деңгейге шығады.

1390921985

Ferrero өнімдеріне деген сұраныс қанша жерден жоғары болса да, Пьетро әр қиындықты ауыр көтеретін. Бірде сел жүріп, фабриканы су басуға аз-ақ қалады. Жағдай бірден қалпына келтірілгенімен, Пьетро Феррероның жүрегі ауырып, қайтыс болады.

Пьетроның өлімінен соң, басшылыққа ағасы Джованни келеді. Бірақ, 1955 жылдары компанияға бәсекелестік күшейіп, жағдайы ауырлайды. Бизнесін қалпына келтіріп, нөмірі біріншілердің қатарына қайта келгенімен, ұзақ уақыт бойға күйзелістің салдарынан денсаулығы құртылып, бірнеше айдан соң Джованни де көз жұмады.

Шоколад, жұмыртқа және сыйлық — идея қалай туды?

Әкесі, одан соң ағасы қайтыс болған 24 жасар Микеле Ферреро билік тізгінін өзі алады. Ол компанияға жаңа тыныс сыйлады десе болады. Микеленің ойлап тапқан тың идеясы — Kinder Surprise еді. Бір айта кетерлігі, шоколад жұмыртқа арқылы жаңалық ашылды деуге болмайды. Себебі, итальяндықтар Пасха кезінде балаларына арнап жұмыртқа түріндегі тәттілер дайындап, ішіне сыйлықтар салатын.

Киндер Сюрприз даярлау жұмысы қызу басталып та кетті. Бұл өнімге өте көп мөлшерде сүт қосылады. Сүт және ақ шоколадтан жасалған қабаттың ішінде жұмыртқа формасындағы сары қаптама бар, Ал оның ішінде бәрімізге белгілі ұсақ ойыншықтар бар. Компания бірден өнімді патенттеп алады.

Ішіндегі ұсақ ойыншықтарға қатысты айтар болсақ, оларды швейцариялық дизайнер Генри Рот жасайтын. Тәттілердің ішінде жасырынған әдемі ойыншықтардың көпшілігі Роттың қолынан шыққан.

14924378347_779fa222fb_b

Алғашқы «сыйлығы бар жұмыртқалар» 1972 жылы жарыққа шығарылды. Дүкенге түскен сағатында-ақ сатылып кеткен. Киндердің тарихы осылай басталады. Ойыншықтарынан екінің бірі коллекция жинайды. Тіпті кейбір сирек кездесетін даналарының бағасы бірнеше мың доллар тұрады. Киндер сюрприздің 90 мың ойыншығы бар коллекциясы 2007 жылы e-Bay аукционында 30 мың еуроға сатылған еді.

Michele_Ferrero_3199990b

Микеле тек қана мықты басшы ғана емес, ардақты отағасы да бола білген. Ұлдары дүниеге келген сәтте әкесі мен ағасының құрметіне есімдерін Пьетро және Джованни деп қояды. Кіші Пьетро Микеле бизнестен қол үземін деп шешкен сәтте басшылыққа келеді. Бірақ, 2011 жылы 49 жасар кіші Пьетро Оңтүстік Африка Республикасына іс — сапармен барған кезінде жүрек талмасынан қайтыс болады. Ұлының өлімінен соң Италиядағы ең бай адам (байлығы — 17 млрд долларға бағаланған) 85 жасар Микеле Ферреро тізгінді қайтадан өзі алады. 2015 жылы Микеле 89 жасқа қараған шағында Италияда көз жұмады.

Киндер-Сюрприз туралы қызық деректер:

«Киндер-сюрприздің» сатылымына АҚШ-та тыйым салынған. Себебі, 1938 жылы қабылданған заң бойынша, тамақтың ішіне жеуге болмайтын бөлшектер салуға болмайды.

Климаты ыстық елдер үшін «баяу еритін» жұмыртқалар шығарылады. Олар Kinder Joy деген атауға ие.

«Ferrero» компаниясының балаларға арналған барлық өнімдері «Kinder» деп басталады. Ал атауының екінші бөлігі сатылатын еліне байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Ферреро жұмыртқалары Германияда «Kinder Uberraschung», Италия пен Испанияда — «Kinder Sorpresa», Португалия пен Бразилияда — «Kinder Surpresa», Швеция пен Норвегияда — «Kinderoverraskelse», Англияда — «Kinder Surprise», Ресей мен Қазақстанда — «Киндер-Сюрприз» деп аталады.

Жұмыртқаның жалпы салмағы  — 35 грамм.

Сүт қоспаларының көлемі — 32%.

Ойыншық-тосын сыйлар арнайы Киндер сюрприз үшін жасалады.

Шығарылғанына 30 жылдан асқан Киндер сюрприздің 30 миллиардан астам данасы сатылған.

3, 6, 12 және 24 жұмыртқаға арналған киндерлер салатын қорапшалар бар.

Бельгиялық Алан Фонтейн есімді қасапшы да өзінің «Киндер сюрпризін» шығарады. Ол оны салямиден жасайтын көрінеді. Жұмыртқа да, сыйлығы да үлкенірек.

Жылына сатылымға 100-ден аса киндер-ойыншықтар түседі. Олардың ішінде пластмассадан, ағаштан, темірден жасалған түрлері де бар.