Kookmin Bank ЦентрКредит Банктегі үлесін неге сатады?

Фото: informburo.kz

Алматы. 1 ақпан. 7kun.kz — Кореяның  Kookmin Bank (КВ) қазақстандық Банк ЦентрКредиттегі үлесін сатудың мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Корея банкі неліктен мұндай шешімге келді? LS сауалнама жүргізген сарапшылар өз болжамдарымен бөлісті. 

Тәуелсіз экономист Александр Юрин мұндай ақпаратқа таң қалудың қажеті жоқ дегенді айтады. Оның мәліметінше, KB-нің БЦК үлесін иеленуі басқа корей банктерінің наразылығын тудырған. Тіпті 2010 жылы банктің топ-менеджментінің ауысуына да себеп болған.

«Соңғы жылдары ірі шетелдік банктердің Қазақстан банк нарығынан кетіп жатқандығын көріп отырмыз. Соған қарағанда шетелдік банктер қазақстандық банк жүйесінің келешегі мен экономикасының дамуына күмән келтіре бастады. Сол үшін де «уақытында кетіп қалуға» асығып жатыр»,-дейді Александр Юрин.

«Еске салсақ, Kookmin Bank әлемдік стратегия аясында 2008 жылы ЦентрКредиттің 41,9 пайыз үлесін сатып алған. Ол кезде бір акцияның бағасы 13 доллар болған, ал қазір оның құны 0,5 доллар тұрады»,-дейді бұл туралы IFC Markets сарапшысы Дмитрий Лукашов. «Қазір акционерлер БЦК жарғылық капиталының өсіміне қатыспас үшін өз үлестерін сатқысы келеді. Себебі, бұл олардан қосымша қаржыны талап етеді»,-деп түсіндіріп кетті ол.

Өз кезегінде «Финам» компаниясының сарапшысы Богдан Зварич: «Kookmin Bank ешқандай өсім көріп отырған жоқ және қазіргі жағдайда банк дамуы да тоқтап тұр»,-деп есептейді.

Fitch Ratings қаржылық ұйымдар тобының директоры Роман Корнев Kookmin Bank-тің кетуінің себебі, Қазақстан Корея банкі үшін басты нарық емес дейді.

Kookmin Bank – нарықтық капитализация мен активтер мөлшері бойынша Оңтүстік Кореяның ең ірі банктерінің бірі. KB-нің БЦК-тегі үлесі 41,9 пайыз, 2008 жылы 939,2 млрд вонға сатып алған. Дүниежүзілік банк тобына кіретін IFC халықаралық қаржылық компаниясы инвестор ретінде келісімге қатысқан. Корпорация БЦК-ның 10 пайыз үлесіне ие. Тағы 25,6 пайызы Бақытбек Байсейітовқа тиесілі.

Ұлттық Банктің мәліметінше, 2017 жылдың 1 қаңтарында Банк ЦентрКредиттің активтері 1,3 трлн теңге болған, қарыз мөлшері – 889,6 млрд теңге, міндеттер – 1,2 трлн теңге, табыс – 3,1 млрд теңге, төлену мерзімінен асып кеткен кредиттер үлесі – 8,95 пайызды құраған. Жалпы банктер ондығында ЦентрКредит Банкі активтері бойынша алтыншы орында тұр.