Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

1,1 млн қазақстандық банкроттық туралы заң арқылы несиесінен құтылуы мүмкін

1,1 млн қазақстандық банкроттық туралы заң арқылы несиесінен құтылуы мүмкін

Астана. 29 желтоқсан. 7kun.kz – Қазақстанда 1,1 млн адам банкроттық туралы заңның көмегіне жүгініп, несиесінен құтылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Бүгінде заңның көмегіне жүгінетін адамдардың саны 1 млн 170 адамға дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде, 31 мың адам сот процедурасымен өзін банкрот деп тануы ықтимал. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік төлем алатын 37 мың адам адам осы заңның аясында банкрот деп танылуы мүмкін. Бұл процедураға жүгіну-жүгінбеу азаматтың өз еркінде. Біз қарызы бар адамдарға сотқа барыңыз деп үгіттей алмаймыз. Ол әр азаматтың салмақты ойланып қабылдаған шешімі болуға тиіс. Себебі оның үлкен салдары бар», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, заңды әзірлеу кезінде жеке тұлғалардың банкроттық институты қалыптасып үлгерген елдердің тәжірибесі сараланды.

«Рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1600 АЕК-ке дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Ол үшін бірнеше шарт ескерілуі керек. Осы орайда банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 АЕК сомасынан аспауы тиіс», – деді Біржанов

Екінші рәсімде 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

Үшінші рәсім төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты. Онда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

Сондай-ақ Ержан Біржанов жеке тұлғаларды банкроттық рәсімі аясында жалған ақпарат бергені немесе мүлікті жасырғаны үшін айыппұл салынатынын айтты.

«Азаматтың кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында қасақана банкроттық туралы өтініші үшін - 200 АЕК. Жалған ақпарат бергені немесе соттан тыс тәртіпте банкроттықтың шегінде мүлікті (ол туралы ақпаратты) жасырғаны, төлем қабілетін қалпына келтіргені үшін – 100 АЕК», – деді ол.

Сонымен қатар сот банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін бұзғаны үшін қаржы менеджерлеріне 15-тен 100 АЕК-ке дейін жауапкершілік енгізілетіні атап өтілді.

Похожие материалы