Экономика
2015 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы бойынша 156 мыңға жуық қазақстандық жұмыспен қамтылды
2015 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы бойынша 156 мыңға жуық қазақстандық жұмыспен қамтылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 2015 жылғы жүзеге асырылу нәтижесі мен оның құралдарын жандандыру» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» (ЖҚЖК 2020) бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2015 жылы 156 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылған адамдар саны – 142,3 мың. Өткен жылы бағдарламаға 4,4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 3 мыңнан аса мектеп түлектері, бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан 300 азамат, 280 оралман, 200 балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар қатысқан болатын.
«ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясында (инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету) 2015 жылы 565 жоба жүзеге асырылып, құрылған жұмыс орындарына 8,6 мың адам орналастырылды.
Екінші бағыт бойынша (кәсіпкерлікті дамыту арқылы арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарын дамыту) 6 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, микрокредит алды, оның ішінде 4,1 мыңға жуық адам алғаш рет өз істерін ашып, кәсіпкер болды. Нәтижесінде ағымдағы жылы қосымша 6,1 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылды.
«ЖҚЖК 2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша (жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу) тегін оқумен 14 мың азамат қамтамасыз етіліп, оның 10,7 мың адамы оқуларын тәмамдап, жұмысқа орналастырылды. 20,7 мың азамат жастар практикасы аясында әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Сондай-ақ, 2015 жылы үшінші бағыт бойынша экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден 1200 адам көшірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттің қолдау шараларынсыз бос орындар базасындағы жұмыс орындарына 102 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.
Сонымен бірге, Вице-министр 2015 жылы жұмыспен қамту шараларының аймақтық кешенді жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде 423 мың адам қамтылғанын, бұл жоспарланған көрсеткіштің 131%-ын құрағанын айтып өтті. 396 мың адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 218 мың адам қамтылды.
Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ДСӘДМ мамандары «ЖҚЖК 2020» бағдарламасын жандандыру бойынша жұмыс жүргізгенін мәлімдеді.
«Кәсіпорындарда жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын сақтау мақсатында жұмыс уақытының қысқаруына байланысты еңбекақының 2/3 бөлігін уақытша субсидиялау тетіктері енгізіледі. Сонымен бірге, кәсіпорын жұмыс орнын сақтаған жағдайда, қызметкерлерді, оның ішінде жұмыс істейтін жастарды жұмыс берушілер тарапынан қоса қаржыландырумен немесе, толық мемлекет есебінен оқытуды ұйымдастыру қарастырылады», - деді Біржан Нұрымбетов.
Қосымша жұмыс орындарын құру үшін «ЖҚЖК 2020» аясында қолданылатын келесі құралдарды: инфраструктуралық жобаларға жұмысқа орналастыру, барлық мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын жобалардың мүмкіндіктерін қолдану және кәсіпкерлікті дамыту үшін микрокредит беру күшейтілетін болады.
Фото: kursiv.kz