Алматы. 29 желтоқсан. 7kun.kz - 2017 жыл әлемдік тұрғын үй нарығы үшін өте сәтті жыл болды. Орталық банктердің базалық мөлшерлемесі төмендетіліп, ипотекаға қолжетімділіктің артуына байланысты жаһандық экономиканың қалыпқа келу үдерісі жалғасып келеді. Алайда, аса қымбат саналатын үйлер нарығында керісінше, биылғы жыл табысты бола қоймады. Сатушылардың сатып алушыларды тарту мақсатында жеңілдіктер жасауына тура келіп отырды. Sotheby's International Realty компаниясының қызметкері Джереми Стайн: "2017 жылы тұрғын үй нарығында нақтылық болмады. Ал бұл өз кезегінде сату мен сатып алу ісінде кері әсер ететін фактор", - дейді. Десек те, жылжымалы мүлікте қызықты сатылымдардың жүзеге асқанын да айта кетуіміз керек. Олардың кейбіреуіне танымал жұлдыздар да қатысты.
Миллионерлердің баспанасы
Нью-Йорк қаласында 2017 жылы 91 млн долларға жылжымайтын мүлік сатылды. Бұл бағаға белгісіз жан Парк-Авеню көшесінде орналасқан 432 үйді сатып алған. Ол 92 және 93-қабатта орналасқан пәтерлерді бір-бірімен біріктіріп, ауданы 1,1 мың шаршы метрден асатын үй жасаған. Сондай-ақ бұл ғимаратта сатылымы бойынша екінші және үшінші орынды иемденген пәтерлер де бар. 85-қабаттағы тұрғын үй 65,6 млн долларға, ал 83- қабаттағы пәтер 65,2 млн долларға сатылған. 83-қабаттағы пәтер 96 жастағы кәсіпкер Макао Стэнли Хоның ұлы Лоуренс Хоға тиесілі. Ғимарат Америкадағы ең ғажап зәулім ғимараттардың қатарына кіреді. Сонымен қатар, оның ұзындығы 426 метр болғаннан кейін, ол басқа ғимараттармен салыстырғанда бірден көзге түседі. Ал ғимарат Орталық саябаққа жақын орналасқандықтан, оның жоғарғы қабаты арқылы Нью-Йорк қаласының әсем жерлерін көруге болады. Ғимараттың танымал тұрғындарының қатарына БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті Насир Абд аль-Азиз ан-Насер және Nautica киім брендінің негізін қалаушы Дэвид Чу кіреді. Актриса әрі әнші Дженнифер Лопес жігіті Алекс Родригеспен бірге бірнеше рет осы ғимаратта пәтер жалдаған.
Танымал тұлғалар үйлерімен қоштасты
2017 жылы бірнеше танымал тұлға өз үйінен айырылып қалды. Нақтырақ айтқанда, актриса Деми Мур 1930 жылы салынған атақты "Сан-Ремо" ғимаратында өзінің үш этажды пәтерін 45 млн долларға сатты. Ең басында ол пәтерін 75 млн долларға сатуды жоспарлаған. Актриса пәтерін арзан бағаға сатқанымен, ол одан ешқандай ұтыс көрген жоқ. Себебі осыдан 25 жыл бұрын Деми Мур бұл пәтерді 7 млн долларға сатып алған еді.
Канадалық әнші Селин Дион да Флорида да орналасқан 13 бөлме және үш бассейні бар үйін 28 млн долларға сатты.
Ал керісінше, "Формула-1"-дің танымал жарысушысы Льюис Хэмилтон жаңа үйге кірді. Ол 43,9 млн долларға Манхеттенде, Гринвич-стрит көшесінде орналасқан үйді сатып алды. Актриса Дженнифер Лоуренс, Мег Райан, Джессика Бил, әнші Джастин Тимберлейк, Райан Рейнолдьс және Блейк Лайвли — оның көршілері.
Таңғаларлық рекордтар
2017 жылы Австралияда жылжымайтын мүлік тарихындағы ең үлкен келісім жасалды. Осыдан шамамен бір жарым ғасыр бұрын негізі қаланған ауданы 7 мың шаршы метрді құрайтын үй-жайға 126 жыл бойы бір жанұя иелік еткен еді. Енді оны жас миллиардер Скотт Фаркуар өз отбасына австриялық 70 млн долларға (54 миллион АҚШ доллары) сатып алды.
Сондай-ақ жаңа рекорд Сан-Франциско қаласында да орнатылды.
Тынық мұхитының жанында салынған ауданы 1 мың шаршы метрден асатын үй 35 млн долларға сатылды. Үйдің ішінде жеті жатын бөлме, сегіз жуынатын бөлме, екі шарап қоймасы және бір лифт бар.
Бұдан бөлек, Санта-Барбарадағы үлкен ранчо 34,25 млн долларға сатылды. Бұл тоғыз жыл бұрын жасалған рекордты жаңартты.
Жұмақтың аралы мен Монте-Карло
Таңдаулы ғимараттарға сұраныс тек АҚШ пен Австралияда ғана жоғары болды деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Өйткені Карибтік теңіздің Сен-Бартелеми аралында орналасқан жеке жағажайы бар вилла өзінің жаңа иесін тапты. 2,8 гектар жерді алып жатқан вилла 67 млн долларға сатып алынды. Бір қызығы үйге деген сұраныс Ирма дауылынан кейін күрт өскен. Ирма дауылына төзген бұл тұрғын үйде әркімнің тұрғысы келетіні рас.
Монте-Карлода орналасқан үш этажды пентхаус 61 млн долларға сатылды. Миллионерлер шоғырланған бұл қалада бағасы 100 млн доллардан жоғары тұратын үйлер де бар. Бірақ бұл сатылым ең ірі сатылымдардың қатарына кіреді. Жерорта теңізіне қараған үйде алты жатын бөлме бар. Алты бөлмеге жеке-жеке жуынатын бөлмелер де жасалынған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024