Экономика
2017 жылы 630 шақырымнан астам теміржол қайта жөндеуден өтті
Алматы. 22 қараша. 7kun.kz - 2017 жылы Қазақстан темір жолы АҚ жазғы маусымда республикалық маңызы бар 630 шақырымнан астам теміржол желісін күрделі жөндеуден өткізді деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 317,5 шақырымға рельс торкөздері төселді. Орташа жөндеу жұмыстары 77 шақырымға жүргізілсе, 237 шақырымдағы жолдарда рельстері түгелдей жаңартылды.
«Жөндеу жұмыстары барысында 51,9 шақырымның рельс тіректері ауыстырылса, 330 шақырымның балласт қабаты тазартылды. 2840 шақырымдық жолдағы рельстер қайралды. 1590 шақырымдағы жол түзетілді»,-дейді Жол және имараттар жөніндегі директоры Аманқос Баймағамбетов.
Жазғы маусымда жолды күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар 7 көпірге жөндеу жүргізілді. Қапшағай көпір отряды құрылысшылары жоспардағы 77 жасанды имараттарға жөндеу жасап қана қоймай, сонымен қатар қосымша 23 имаратқа да жөндеу жүргізді.
Магистральдық желідегі маусымдық жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жолаушы пойыздары 175 шақырымдық жаңғыртылған жолда үлкен жылдамдықпен жүре бастады. «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздары 144 шақырымда, жүк пойыздары республикалық деңгейдегі 154 шақырым магистральде жылдамдықтарын көтере алады.
Бұған дейін ҚТЖ жүк вагондарын шығарудың жаңа бағдарламасын жасады.