Экономика
2017 жылы өңделген тауарлардың экспорты 8,7 млрд долларды құрады
Астана. 27 қазан. 7kun.kz - Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев Парламент Сенатында "Қазақстан Республикасының экспорттық саясатының негізгі бағыттары мен перспективалары" атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Қазақстанның экспорттық стратегиясын жүзеге асыру барысы және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады деп хабарлайды Инвестиция және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанның өңделген экспорттың артуы байқалды. Мысалы, 2017 жылдың 7 айында өңделген тауарлардың экспорты өткен жылмен салыстырғанда 26,7%-ға артып, 8,7 млрд АҚШ долларын құрады.
"Бүгінгі күні Қазақстан экспорттаушы 52 елдің қатарына кіреді. Біз уран, ұн, бидай жеткізу бойынша әлемдік көшбасшылар қатарындамыз. Жалпы алғанда өңдеуші сектордың 800-ден астам тауарын 115 елге экспорттаймыз. Біздің экспортымыздың сапалық құрылымы айтарлықтай жақсарды. Шетелде ұсынылатын өнімдердің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі", - деді Тимур Тоқтабаев өз баяндамасында.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта экспорттаушыларды қолдау ДСҰ және ЕЭА ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бұл шаралар ақпараттық-талдамалық қолдауды, сыртқы нарықтарға тауарларды ілгерілету жөніндегі іс-шараларды, қаржылық қолдау және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі шараларды қамтиды.