Bloomberg агенттігі тәуекелді инвесторлар арасында сауалнама жүргізіп, 2017 жылы әлемдік нарыққа төніп тұрған бес қатерді анықтаған. Оның ішінде доллардың шектен тыс нығаюы мен АҚШ президенті болып Дональд Трамптың сайлануы кірген. Назарларыңызға осы жылы инвесторларға зиянын тигізуі мүмкін бес факторды ұсынамыз.
Доллардың нығаюы
Union Bancaire Privee сарапшысы Майкл Локтың айтуынша, АҚШ валютасының нығаюы экспорттаушы елдердің экономикасына кері әсер етіп, олардың он жылдан астам уақытқа созылған дағдарыстан енді шығып жатқан кезінде қайта артқа тартуы мүмкін. Ал инвесторлар доллар нығайғанда ғана қаржы құйып, арзандап жатқан жергілікті валюталардан өздерін «алшақ ұстайды» дейді.
Бұған дейін теңгенің 2016 жылдың басынан бергі ең жоғары шамаға дейін нығайғанын хабарлаған едік. Бірақ «Казкоммерц Секьюритиз» активтерді басқару департаментінің директоры Айвар Байкенов «теңгенің нығаюы уақытша құбылыс қана» деп бағалаған. Оның ойынша, доллардың әлсіреуі екі факторға байланысты болып отыр.
«Алғашқысы – 55-57 доллар аралығында сәл ғана өзгеріп жатқан мұнай нарығындағы жайлы әрі тұрақты жағдай. Екіншісі – ірі салық төлемдері, оның ішінде 2016 жылы үлкен көлемдегі корпоративті табыс салығының төленуі. Оның үстіне ақпан айында мұнай экспорттаушылар өздерінің жеке салығын төлейді. Екі фактор да белгілі бір уақытқа дейін ғана созылады. Cалық кезеңі аяқталады, ал АҚШ-тың сланцты мұнай қоры артып жатқандықтан, мұнай бағасы қайта арзандап кетуі ықтимал. Әзірге бағаның түсуіне себеп болмағанмен, мұнай бағасы барреліне 50-53 доллар болуы мүмкін деген қауіп бар», — дейді департамент директоры.
Облигациялар
Инвесторларға төніп тұрған тағы бір қатер облигациялардан төніп тұр. OFI Asset Management париждық басқарушы компаниясының инвестиция жөніндегі директорының айтуынша, 2016 жылдың ортасында әлемдік нарықтағы облигациялардан түсетін табыс ең төменгі көрсеткішке жеткен. Маман облигациялар бағасының қымбаттауынан қарағанда, арзандай беру қаупі басым екенін айтады.
Трамп
NN Investment Partners стратегі Патрик Мунен тағы бір қатерді Вашингтоннан көреді.
«Нарық Трамптың саясатынан күтері мол, бірақ оның ұстанған қағидалары мен саясаты айтарлықтай мықты болмай шықса я Конгрестен қандай да бір кедергіге ұшыраса, президенттен көңіл қалу қаупі бар», - дейді ол.
Roubini Macro Associates атқарушы директоры Нуриэль Рубинидің айтуынша, Трамп президент болып сайланғанда корпорациялар мен инвесторлардың қуанған.
«Республикалықтардың бұрынғы әдетінше тауарды өткізуге бағытталған экономикалық саясаты корпорациялар мен байларға қолайлы, себебі олар бұл жағдайда жұмыс орындарын ашып, жұмысшылардың табыстарын молайтуда ештеңе істемейді. Трамп ұсынып отырған салықтарды қысқарту идеясынан түскен кірістің жартысы ең көп табыс табатын 1 пайыз адамның қалтасына түседі», - дейді сарапшы.
Алайда маман нарықтағы серпіліс басылып бара жатқанын, ал Трамп пен инвесторлардың арасындағы «өздеріне ыңғайлы кезеңнің» де бітетін уақыты жақын екенін айтып, корпоративтік сектордың енді қайта үрейге бой алдырына себеп бар екенін жеткізді. Экономистердің мұндай тұжырымға келуіне мына факторлар себеп болған.
«Күшейген доллар - Трамптың негізгі тірегі. Себебі, көк жағалылар иемденіп отырған жұмыс орындарын жояды. Президент Carrier кондиционер шығарушы компаниясын күштеп Индианада 1 мың жұмыс орнын «сақтап» қалуы мүмкін. Бірақ, сайлаудан бергі доллардың нығаюы біраз уақыт ішінде зауыт-фабрикадағы 400 мың жұмыс орнын жоюы ықтимал», - дейді Нуриэль Рубини.
Қытай
Елдің макроэкономикалық өсімінің бәсеңдеуі нарықтағы тұрақтылыққа кедергі келтіруі мүмкін. Ең алдымен бұл бұрғылау өндірісі мен өндірістік тауарлар нарығына әсер етеді.
ҚХР-ның Мемлекеттік статистикалық бюросы Қытай экономикасының даму қарқыны 2015 жылы 9,6 пайызға, 2016 жылы 6,7 пайызға бәсеңдегенін хабарлаған еді. Бұл - соңғы 26 жылдағы ең төменгі көрсеткіштер. ҚХР-ның ішкі жалпы өнімінің көлемі жыл қорытындысы бойынша, 74,41 триллион юаньді құрады (шамамен 10,84 триллион доллар).
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қытай экономикасының қазіргі таңдағы жағдайы өткен жылмен салыстырғанда мығым екендігіне қарамастан, 2017 жылы оның өсімін нақты айту қиын. Сонымен қатар, билік өкілдерінің экономиканың даму қарқыны жеделдетуге бағытталған шаралары да әлсіз. АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың сауда саласында протекционистік бағыт бойынша жүргізіп отырған саясаты Қытай экспортына қатысты мәселені қиындата түспек деп болжаған еді. Онсыз да мүшкіл жағдайға юаньнің құнсыздануы да кері әсерін тигізіп жатыр.
Федералды резерв жүйесі
Лондондағы Louis Capital Markets-тің маманы Энтони Бэничоның болжамынша, инвесторлар Федералды резерв жүйесінен де қауіптенуі керек. Инвесторлар орталық банктің наурызда өтетін жиынында базалық мөлшерлеме өседі деп болжап отыр. Инфляцияның ары қарай өрши түсуі ФРЖ-ның ставканы жылдамырақ өсіруіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бұл инвесторлардың күмәнді активтерге деген қызығушылығын азайтады.
Бұған дейін Pacific Investment Management Cо. Федералды резерв жүйесінің ашық түрде емес, астарлы әрекеттер арқылы «валюталардың суық соғысын» жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. ФРЖ соңғы отырысында пайыздық мөлшерлеменің өсуі мүмкін екенін хабар берген.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024