Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

2018 жылы базалық зейнетақы көлемі 1,8 есе өседі

2018 жылы базалық зейнетақы көлемі 1,8 есе өседі

Астана. 31 қаңтар. 7kun.kz - 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында жазылды.

Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.

«Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі»,-деп жазылған жолдауда.

Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.

«2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс»,-деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Похожие материалы