Алматы. 16 қаңтар. 7kun.kz – 2018 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5-7% нысаналы дәліз шегінде сақталды, деді Ұлттық Банкінің Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин. Ол Алматыда өткен Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің қаржы сарапшыларымен кезекті кездесуінде осылай мәлімдеді.
Кездесу барысында реттеушінің ақша-кредит саясатының, ақша және валюта нарықтарындағы жағдайлардың мәселелері, сондай-ақ қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлемені +/-1 пайыздық мөлшерлемелердің дәлізімен 9,25%-дық деңгейде сақтау туралы шешімі талқыланды.Виталий Тутушкиннің хабарлауынша, ағымдағы шешім кезінде жылдық инфляцияның нақты деңгейі, оның ағымдағы жылға арналған болжамдық мәндерге және бағаларына сәйкестігі, сондай-ақ халықтың инфляциялық күтулерінің байқалып отырған төмендеуі назарға алынды."2018 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5-7% нысаналы дәліз шегінде сақталды. Өткен жылғы соңғы үш айда инфляция 5,3% деңгейде болып, өзгерген жоқ. 2017 жылмен салыстырғанда инфляцияның бәсеңдеуі тұтынушылық тауарлар мен қызмет көрсетулердің барлық топтары бойынша тіркелді. Азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі бір жыл бұрынғы 6,5%-бен салыстырғанда 5,1%-ды, азық-түлікке жатпайтын құрауыш бойынша 8,9%-бен салыстырғанда 6,4%-ды құрады. Ақылы қызметтер 4,5%-ға қымбаттады, ал 2017 жылы тарифтердің өсуі 5,9%-ды құраған", - деді Департамент директоры.