Алматы. 10 қыркүйек. 7kun.kz – Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі пакет негізінде көрсетіледі. Біріншісі – мемлекет тарапынан кепілдік берілген, республикалық бюджет арқылы қаржыландырылатын тегін медициналық көмек пакеті. Екінші пакет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға арналған. Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қалалық филиалы басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
Еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар сырқаттар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті: консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, тегін көмек тізіміне енбеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тегін көмек пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ.
Тілеухан Әбілдаев қос пакеттің айырмашылығын да түсіндірді. Айтуынша, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды әлеуметтік стандарт болып табылады. Оның мақсаты – шұғыл көмекке зәру азаматтарға медициналық көмек көрсету, эпидемияның жаппай таралуына жол бермеу, мемлекеттің араласуын қажет ететін қиын жағдайларға душар болған науқастарға көмек көрсету. Сақтандыру пакеті пациенттердің өмір сапасын жақсартуға, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталады.
Естеріңізге сала кетсек, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде қызмет көрсетіліп жатыр. Бұл жүйенің осал тұстарын тауып, проблемаларды 2020 жылға дейін, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізгенге дейін шешуге мүмкіндік береді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024