Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстандықтар бала өсіру үшін қанша қаржы жұмсайды?

Қазақстандықтар бала өсіру үшін қанша қаржы жұмсайды?

Ұрпақ тәрбиелеу - әр адамның өміріндегі ең басты инвестиция. Ондаған жылдар бойғы жұмсалған қаржыңыз бен жүйкеңіз қартайған шағыңызда сізге еселеп қайтары сөзсіз. Өзін қыспаққа алса да ата-ана баласының арқасын кеңге шығаруға тырысады. Жаңа туған шақалағына ержеткенге дейін жұмсағанын жазып алып жүрген ата-ана жоқ, әрине. Дегенмен 7kun.kz бір бала өсіру үшін орта есеппен қанша қаржы шығын болатындығын есептеуге тырысып көрді. 

Туылғаннан 3 жасқа дейін

Ата аналардың айтуынша, ең көп қаржы нәресте жасқа толғанға дейін жұмсалады екен. Алдымен жаңа дүниеге келген сәбидің төсек-орны, арбасы, киім-кешегі, жаялықтарын түгендейміз. Мұнда да қалтамызға қарап, балаға зиянсыз тауарларды алуға тырысамыз. Егер арнайы балалар әлемінен тауар алуды көздесеңіз, бәрі қымбатқа түсетіні анық. Сапасына байланысты баға да жоғарылай түседі. Есептеу базардағы баға бойынша жүргізілді. Төсек-орынды 35 000 тг алуға болады. Арба – 25 000 – 40 000 тг. Киім кешек – 15 000 тг (6 айдан кейін сәби өскен соң тағы 20 000 тг көлемінде киім аласыз). Жаялықтар – ішінде ең көп данасы барын сатып алсаңыз – 3900 тг. Жаялықтардың бағасы баланың айға толуына байланысты әртүрлі болады. Оны сәби кемінде 9 ай киеді. 3900*9 ай =35 100 тг Баланың денсаулығы да шет қалмайды. Ай сайын салмағын өлшетіп, емдеу шараларына 4-5 мың теңге жұмсайтыныңыз белгілі. Егер жеке клиникаларға баратын болсаңыз 7-8 мың теңге жұмсауыңызға тура келеді. Сондай-ақ,  түрлі дәрі-дәрмектер сатып алсаңыз, қосымша 5 мың теңге (бір айға) жұмсалады. Сәби алты айға толғаннан кейін ана сүтіне тоймайтындықтан (кейбір сәбилер) қосымша тамақ сатып алуыңызға тура келеді. Қазіргі уақытта көптеген аналар Нидерландыда өндірілетін NAN сүтті қоспасын сатып алады. Снимок Сондай-ақ, түрлі дәрумендердің жиынтығы ретінде жеміс жидектердің езбесін сатып аламыз. Бұларды күнде сатып алмасаңыз да, балаға алты айдан бастап жиі беріп тұрған жөн. Олардың бағасы – 180-200 теңгеден басталады. Дәрумендерді екі күнде бір сатып алатын болсақ бір аптада 1200 теңге қаржы жұмсалады. Айына - 4800 тг. Бұл тағам түрлерін балаға 6 айдан бастап 1 жасқа дейін беруге болады. Сондықтан 6 айда - 28 800 тг жұмсалады. Бала жүруге бейімделіп жүрген кезде жүріс арбасын (ходунки) сатып алынады. Бағасы – 5000-10000 тг.  Бір жасқа толғаннан кейін дүрілдетіп той жасамасаңызда достарыңыз бен туыстарыңызды шақырып, баланың бір жасын атап өтесіз. Мұның өзін бала үшін жұмсалған инвестиция деуге болады. Сонымен қонақ шақыру үшін 60 мың теңге көлемінде қаржы жұмсайтыныңыз белгілі. Сәби 3 жасқа келгенге дейін шығындар азаяды. Тек киім-кешегіне ғана ақша жұмсайсыз. Себебі бұрынғыдай жаялық, қосымша тамақ сатып алу сияқты кішігірім шығындардан арыласыз. Сондай-ақ, қажетті дәрумендерді сатып алуға болады. 1 жылда төмендегідей шығын жұмсалады: Футболка: 1500х5 = 7500 тг Жеңіл аяқ киім: 5000 тг Шалбар: 2500х3 =7500 тг Қысқы аяқ киім: 8000 тг Куртка: 12 000 тг Жемпір: 2000х3 = 6000 тг Ойыншықтар үшін - 5000 тг Түрлі дәрумендерден тұратын езбелер: Аптасына 6 құты*200 тг*4 апта*1жыл =  57600 тг 2-3 жас аралығында бала аса өсе қоймағандықтан қысқы аяқ киім мен куртка шығынын қысқартуға болады. Сонымен 3 жасқа дейінгі сәби үшін 471 000 теңге қаржы жұмсалады.

3 жастан 6 жасқа дейін 

Үш жастан бастап мектеп табалдырығын аттағанға дейін шығындар қайтадан ұлғая бастайды. Себебі осы жастан бастап балақай балабақшаға барады. Балабақша құны жеке немесе мемлекеттік болуына байланысты. Егер бала жеке балабақшаға барса – 40 – 60 мың теңге көлемінде ақша төлейсіз және қосымша үйірмелеріне айына кемінде 7-8 мың теңге жұмсап отырасыз. Ал мемлекеттік балабақшалардың құны 15-20 мың теңгеден басталады. Жеке балабақша: 40 000 тг*10 ай = 400 000 тг Мемлекеттік балабақша: 20 000 тг*10 ай = 200 000 (есептеу кезінде мемлекеттік балабақша бағасы алынды) Қосымша үйірмелер: 5000*10 ай = 50 000 тг Мезгілдік киімдер (1 жылға): 50 000 тг Төсек-орын: 70 000 тг Жыл сайын баға үнемі өзгеріп отырады. Бала 4-5 жасқа келген кезде бұрынғы баға 4-5 мың теңгеге қымбаттайды. Төсек орынның орнына ойыншықтар үшін шығындаласыз. Бала 6 жасқа келген кезде даярлық сыныбына барады. Бұл кезде қосымша оқу құралдары мен балаға арналған түрлі қызықты кітаптар,қабілетті дамытуға арналған құрылғылар сатып алынады. Көпшілігі даярлық сыныбын балабақшада оқып аяқтайды. 3 жас пен 6 жас аралығында балаңызға 1 620 000 тг жұмсайсы.

1 сыныптан 4 сыныпқа дейін

Бала 7 жасқа келгенде бала өміріндегі елеулі оқиға мектеп қадамын аттау кезеңі басталады. Мектеп құралдары: 6000 тг, сөмке:5000 тг Мектеп костюмі:10 000-15 000 тг Спорттық костюм: 5000 тг Мектеп аяқ киімі (туфли, кроссовка, жеңіл аяқ-киім қыздар үшін): 10 000-12 000 тг Әр маусым үшін 15 000 -20 000 тг аралығында қаржы кетеді. Қыстағы аяқ киімі мен сыртқы киімі үшін 25 000 тг жұмсалады. Мерекелік қойылымдар мен кештерге арналған киімерге 15 000 теңге көлемінде шығындаласыз. Бірінші сыныптың балаларына қосымша ақылы сабақтардың өтетіні тағы бар. Әр сағаты орта есеппен 1000 тг деп есептесек, кем дегенде бір күнде 2 реттен 2000 теңгеге үйретеді. Аптасына үш сабағына қатысады десек, айына ((4 апта*3рет)*2000 тг)= 24000 тг кетеді екен. Оқу жылында (9 ай* 24000тг )= 216 000 теңге жұмсалады екен.  Қосымша апаратын үйірмелеріңіздің бағасы бір бөлек. Үйірмелердің бағасы да, әр түрлі. Бір айдағы минималды баға - 10 000 тг. Жылына 12000 теңге. 1 - 4 сынып аралығында 1 381 000 тг жұмсалады.

5 - 8 сынып аралығында 

12-14 жас аралығында бала 7-8 сыныпқа барады. Жыл өткен сайын оның шығындары да ұлғая түседі. Мектеп құралдары: 5000 тг, сөмке:5000 тг Мектеп костюмі:14 000-15 000 тг Спорттық костюм: 5000 тг Мектеп аяқ киімі (туфли, кроссовка, жеңіл аяқ-киім қыздар үшін): 10 000-12 000 тг Әр маусым үшін 15 000 -20 000 тг аралығында қаржы кетеді. Қыстағы аяқ киімі мен сыртқы киімі үшін 25 000 тг жұмсалады. Егер қызыңыз болса мерекелік кештер үшін тағы 15 000 теңге көйлекке кетеді. Осыған дейінгі Білім және ғылым министрлігі оқулықтармен тегін қамтамасыз етеміз деген уәдесін ескерсек, кітаптар үшін шығындалатын қаржыны ескерусіз қалдырамыз. Жыл бойына мектепке жиналатын ақша жыл өткен сайын де азаймайды. Мерекелер жалғаса береді, сынып та жыл сайын жөндеуді қажет етеді. Бұл бөлім үшін кем дегенде 5000 теңгені бөлек алып қою қажет. Балаңыздың қатарындағы үздіктер тобынан қалмағанын, жеңіс пен жеңіліс дәмін тал бесігінен білгенін қаласаңыз олимпиадалар мен жарыстардан құр қалдырмағаныңыз абзал. Қосымша жарна талап етпейді, бірақ жолақысы мен түскі тамағы үшін шығындаласыз. Бұл үшін тағы 10 000 теңге бөлек ысырылады. 7-8 сыныптан бастап бала үшін сабақ та ауырлай түседі, күнделікті пәндердің саны да көбейе түседі. Сондықтан әрбір ата-ана баласының білімінен бұрын асқазанының қамына көбірек мән береді. Ай сайын кем дегенде 2000 теңге жұмсау қажет. Балаңызды қатарынан қалдырмаудың бір жолы - оның гаджеттерінің де толық болуына мән беріңіз. Соңғы үлгідегі смартфон қажет емес, бірақ 20 000 теңгені  жаңа телефон үшін қиюға тура келеді. Азды-көпті салынатын бірлік үшін тағы 5 мың теңге кетеді. Жазғы демалыс бала арқасын кеңге салады, бірақ сіз де әмияныңызды алысқа ысырмаңыз. Жазда баланы жіберетін лагерь бағасы 20 000 теңгеден басталады. Ауылға не қалаға туыстарыма жіберемін десеңіз де осынша қаржы шығындауыңызға тура келеді. 5-8 сынып аралығында балаңызға 991 000 тг жұмсалады.

9-11 сынып аралығы

14-15 жаста 9 сыныпқа барады. Жоғарыда аталған мектеп шығындарының үстіне 3 000-5 000 теңгеден қосуыңыз қажет. Осы кезеңнен бастап баланың біліміне ерекше көңіл бөліне бастайды. ҰБТ-ға немесе болашақ таңдаған мамандығына дайындық ретінде қосымша сабаққа жіберіледі. 9-сыныпта орта білім туралы куәлік алу үшін емтихан тапсырылады. Емтихан тегін, бірақ қабылдап алатын мұғалімердің алдына гүл мен жеміс-жидек әкелу әр мектепте бар дәстүр екендігі рас. Ол үшін 2 000 -4 000 мың теңге. Бозбала мен бойжеткен 7-сыныптағы телефонмен жүре бермесі анық. Көңілін қалдырмайын десеңіз, кем дегенде 50 000 теңгеге смартфон алып бересіз. Кітапханаға барып, реферат көшіріп отыратын оқушыны табу қиындау. Қосымша ақпарат үшін бір компьютер сұрайды. Ең төменгісі 120 000 теңгеден басталады. Ай сайынғы интернет - 2500 теңгеден. ҰБТ-ға дайындық 10-сыныптан басталады. 2 айда бір рет алынатын тест - 350 теңге. Қосымша репетиторға бару үшін ай сайын 10 000 - 30 000 теңге аралығында шығындалып отырады. 11 сыныпта тест ай сайын тапсырылады.  Шығындарыңыз ҰБТ-мен шектелмейді. Мектеппен қоштасу кеші үшін тағы бір шығындалу қажет.  Қоштасу банкеті мен мектепке сыйлық үшін кемінде 20 000 -25 000 теңге жиналады. Егер ұл болса 20 000 теңгелік костюммен іс бітеді. Ал қыз бала үшін көйлегі мен туфлиін, шаш үлгісін қосқанда 50 000- 100 000 теңге жұмсалады. 9-11 сынып аралығында ер бала үшін: 1 300 000 тг  9-11 сынып аралығындағы қыз бала үшін: 1 421 000 тг  12498581_761585910638422_415573817_n Орта есеппен әрбір қазақстандық баласын ержеткізу үшін 5 763 000 теңге немесе 16 704 доллар (доллар курсы - 345) жұмсайды екен. 

Похожие материалы