Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аптаның қаржы қорытындысы

Аптаның қаржы қорытындысы

Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 21-25 желтоқсан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 21 желтоқсанда апта басын ұлттық валютамыз әлсіреумен бастады.  Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңғы сессия кезінде АҚШ долларының орташа курсы 349,12 теңгеге жетті. Валюта курсы жұма күнгі таңғы сессиямен салыстырғанда 7,18 теңгеге артты. Ал Brent маркалы мұнай бағасы дүйсенбі күні 36,17 долларға арзандады. Бұл соңғы 11 жылдағы мұнай нарығындағы рекордты көрсеткіш деп танылды. Украинадағы Forex Club ақпараттық-сараптамалық орталығының жыл сайынғы зерттеуі Қазақстан теңгесін құнсызданған валюталардың рейтингінде бірінші орында деп таныды. Беларусь рублі мен Украина гривнасы екінші және үшінші орынды алып отыр. Ал Әзірбайжан валютасын еркін айналымға жіберіп, елде доллардың ресми курсы 47%-ға артты. Бұған серіктес елдердегі валюта курсының девальвацияға ұшырауы себеп болған. Сейсенбі, 22 желтоқсанда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев журналистермен кездесіп, қазіргі жағдайға қатысты түсініктеме берді.  Оның сөзінше, Brent маркалы мұнайдың бағасы бір барелліне 30-40 доллар диапазонында болса, теңге бағамы өзгеріссіз қалады. "Егер, мұнай бағасы бұдан бетер төмендейтін болса, яғни бір баррельдің құны 30 доллардан төмендеп, Ресей рублі  10 %-ға құнсызданатын болса, теңгенің бағамы да сәйкесінше, жаңа деңгейге көтеріледі», — деді Д. Ақышев. Сондай-ақ ол өзінің ақша жинамайтындығын, жалақысын теңгемен алатындығын да мәлімдеді. Ұлттық банктің ұйымдастыру жұмысы және бақылау департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық банктің  ішкі құжат айналымы, 1 наурыздан жалпы іс жүргізу толықтай қазақша болатындығын мәлімдеді. Іс жүргізу толықтай мемлекеттік тілге көшуіне байланысты Ұлттық банк қызметкерлері де қазақ тілі оқи бастаған. Орталық қызметкерлерінің 5 пайызы мүлдем қазақша түсінбейді екен. Ал теңге бағамы нығайып, күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 332,67 теңге болды. Сәрсенбі, 23 желтоқсанда ұлттық валюта күшеюін жалғастырып, күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 329,91 теңге болды. Еліміздің қаржы министрлігі Азиялық даму банкінен 1 млрд доллар көлемінде қарыз алатындығын мәлімдеді. Қаржы 2016 жылғы мемлекет бюджетін қаржыландыруға жұмсалады. Өтеу мерзімі - 5 жыл.

АҚШ Ресей компанияларына қарсы жаңа санкция салғандығын хабарлады. Санкция салынғандар арасында Сбербанк пен ВТБ банктің Украина, Қазақстан және Еуропада орналасқан еншілес құрылымдары да бар. Тізімге тек еншілес банктер ғана емес оларға қарасты зейнетақы қорлары да енген. Жалпы тізімде 34 жеке және заңды тұлға бар.

Бейсенбі, 24 желтоқсанда АҚШ-та 40 жылдан бері алғаш рет мұнайды экспорттауға келісімшарт жасалды. Қаңтардың алғашқы аптасында Техастағы Хьюстон терминалында өндірілген 600 мың баррель мұнай американдық Enterprise Products компаниясына жіберіледі.

Түркіменстанда доллар мен еуроны сатып алудың жаңа ережесі енгізілді. Енді Ашхабад тұрғындары валюталарды сатып алу үшін банктен арнайы талон алады. Бұл күні елімізде доллардың орташа бағамы 325,95 теңгеге дейін түсті. KASE ақпаратына сәйкес, дүйсенбі күнгі күндізгі сауда кезінде доллардың минималды курсы — 325 теңге, максималды курс – 327,10 теңге. Жұма, 25 желтоқсанда ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқаратындығы белгілі болды. Ол 2 қарашада Ұлттық банктің төрағасы қызметінен кеткен еді. Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері дағдарысқа байланысты Жаңа жылдық мереке өткізбейтіндіктерін хабарлады. Жаңа жылдың алдында ұйымдастырылатын корпоративтік кештерден ең бірінші болып Ұлттық экономика министрлігі бас тартты. Келесі жылғы Қазақстандағы экономикалық жағдайды бірінші болып білетін министрлік шешімді дұрыс деп отыр. Ал Ресейде АҚШ-тың санкциялық тізіміне ілінген алты банкте Visa және MasterCard төлем жүйелерінің қызметі өшірілді. Бұдан бұрын банк өкілдері АҚШ санкциялары қызметімізге әсер етпейді деген болатын. Алайда 23 желтоқсаннан бастап аталған карталар арқылы банктерде операция жүргізу мүмкін болмай отыр.

Похожие материалы